Қарағандылық шаруалар тұқым өңдеудің оңтайлы технологиясын тапты
Ал қарағандылық шаруалар тұқым өңдеудің оңтайлы технологиясын тапты.
Биыл жаңа әдіспен 35 мың гектар жерге егін егіледі.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Мына цехта тұқым толығымен химиялық өңдеуден өтеді. Соның арқасында биологиялық зақымданудан, зиянкестерден қорғалады. Бұл күзде астықтың мол түсуіне сеп болады.
Тұқымды тазалап, химиялық өңдеуден өткізетін бұл цех 200 миллион теңгеге салынды. Жұмсалған қаражат 3 жылдың ішінде өзін толық ақтайды деп отыр шаруа Георгий Прокоп. Оның есептеуінше жаңа технологияның арқасында астық түсімі кемінде 30 пайызға артады. Бұдан өзге тамшылатып суғару әдісі де кеңінен қолданылмақ.
Георгий Прокоп, шаруа қожалығының басшысы:
- 1165 гектар алқап тамшылатып суғару әдісімен күтіледі. Биыл бұл көрсеткішті тағы 600 гектарға ұлғайтып, келешекте 5 мың гектарға жеткізу мақсаты тұр. Қазір жоба пысықталып жатыр. Ол жерлерге майлы және жем-шөп дақылдарын егеміз.
Биыл жердің тоңы қалың болғандықтан соқа кеш түсті. Шаруа 35 мың гектар алқапта ылғал жабуды бастаған. Бұл жұмыстарға 20 техника жұмылдырылып отыр. Мұнда бидайдан бөлек түрлі көкөніс егу жоспарланған.
Думан Шәктаев, шаруашылықтың бас агрономы:
- Жерге өте ылғал жақсы сіңді. Біз қараған кезде 70-80 сантиметрге дейін ылғал бар. Бұл жақсы, жеткілікті. Анау дәннің көктеп шыққанына дейін жетеді. Әрі қарай тағы жаңбыр болса егін жақсы шығады биыл деп ойлаймын.
Жалпы облыс бойынша 1 миллион гектар алқапқа дәнді және майлы дақылдар, көкөніс егіледі. Шаруаларға көктемгі дала жұмыстары үшін 17 мың тоннадан астам дизельдік отын арзанға бөлінді.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпықар