Балалар лагері жоқ өңір
Ұлытау облысында балалар демалатын бірде-бір лагерь жоқ.
Оқушылар жазғы демалыста өзге өңірлерде орналасқан сауықтыру кешендеріне баруға мәжбүр. Әрине, оған кез келген отбасының шамасы жете бермейді.
Білім басқармасы бұл мәселе алдағы бірер жылда шешілетінін айтады. Жаңа облыста 2026 жылға дейін 3 сауықтыру лагерін салу жоспарланған.
Облыстағы қаладан тыс орналасқан жалғыз лагерь былтыр жекенің меншігіне сатылып кеткен. Қазір жұмыс істемейді. Жазғы демалыста баласын сауықтыру орнына жіберу үшін ата-аналар өзге өңірлерге шығуға мәжбүр. Әрине оған әркімнің шамасы жете бермейді. Мемлекет тарапынан берілетін тегін жолдама екінің-біріне бұйырмайды. Ал ақылы түрде баруға алыста орналасқандықтан шығыны көп.
Ақтолқын Сәбитова, Жезқазған қаласының тұрғыны:
- Басқа облыстарға балаларымызға лагерьге жолдама алу үшін оның саны өте аз. Амалсыздан осы қаламыздағы мектеп ішінде орналасқан жазғы лагерьге береміз.
Білім басқармасы демалыс орны болмаса да каникул кезінде облыстағы 37 мың оқушының 84 пайызы сауықтырумен қамтылатынын айтады. Ол үшін барлық мектепте жазғы лагерьлер жасақталып жатыр. Онда 5 мыңнан астам баланы қамту жоспарланған. Сонымен қатар өңірдегі колледждер жанынан да профильдік лагерлер құрылады.
Айгүл Исахова, гуманитарлық колледж директоры:
- Педагогикалық мамандықтарды дайындайтын болғандықтан біз лингвистика, IT және шығармашылық бағыттарды алып отырмыз. Бұл жерде балалар тек қана мектеп бағдарламасы аясында ғана емес, колледж бағдарламасы аясында үлкен іс-шаралар ұйымдастырып, қызығушылықтарын арттырамыз деген сенімдеміз.
Биыл 1 мыңға тарта оқушы республиканың өзге өңірлерінде орналасқан лагерьлерде сауықтырудан өтеді. Ол үшін жергілікті қазынадан 52 млн теңге бөлінді. Бұдан бөлек демеушілер есебінен ауылдық жерде тұратын 300-ге жуық оқушыға жолдама беріледі. Білім басқармасы «әзірге осылай амалдауға тура келеді» дейді. 2026 жылға дейін облыс орталығында және Ұлытау, Жаңаарқа аудандарында қаладан тыс жазғы лагерь салынуы тиіс.
Сапура Төлекова, білім басқармасының басшысы:
- Жезқазған қаласының территориясында 400 орындық, тек жазғы уақытта ғана емес, жыл бойы қызмет көрсететін лагерь құрылысына жер телімі берілді. Қазіргі күні құрылыс басқармасы жобалық-сметалық құжат әзірлеп жатыр. Биыл жобалық-сметалық құжат әзірлейтін болса, біз қаржыландыру көзін жергілікті бюджеттен, болмаса демеушілер іздейміз бе немесе республикалық бюджеттен қандай да бір тетіктері табыла ма, сол бойынша әрекет жасайтын боламыз.
Ұлттық дәстүр мен мәдениетке қызығатын балалар үшін де арнайы бағдарлама бар. Ұлытау ауданында дәстүрге айналған этнотуристік слет биыл да жалғасады. Онда баратын оқушылардың қауіпсіздігі және ересек балаларды жұмыспен қамту талаптары қатаң бақылауға алынған.
Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов, «24.KZ», Ұлытау облысы