Ғалым Кемел Ақышевтің туғанына 100 жыл толды

Бүгін көрнекті ғалым, Қазақстан археология мектебінің негізін қалаушылардың бірі, тарих ғылымдарының докторы Кемел Ақышевтың туғанына 100 жыл толды.

Кемел Ақышев отандық ғылымның ғана емес, адамзат дамуына қомақты үлес қосты. Тұңғыш «Алтын адамды» тауып, Қазақстанды әлемге әйгіледі. 

Кемел Ақышев тұтас Еуразия кеңістігіне тараған Сақ өркениетінің айғағы болған «Алтын адамды» тапқан археолог ретінде танымал. Ол 1954 жылдан бастап Солтүстік, Оңтүстік және Жетісу археологиялық экспедицияларын ұйымдастырып, жетекшілік етті. Көне және орта ғасырлардағы Қазақстан ескерткіштерін, әлемдік маңызы зор Есік обасынан табылған «Алтын адам», Бесшатыр, Отырар жәдігерлерін зерттеген.

Сабыржан Балмағанбетов, ҚР Мемлекеттік орталық музейінің кіші ғылыми қызметкері:

- «Кемел Ақышевтың бастамасымен 1957 жылы әйгілі Бесшатыр қорымдарын зерттеу басталған. Ол қорғандардың зерттелуі 68-жылға дейін жалғасты. Мерзімделуі 6-4 ғасырларға жатқызамыз. Бұл Бесшатыр қорғандары элитарлы қорғандарға жатқызылады. Себебі олардың диаметрлері 100 метерден асады. 

Ғалым көне Қазақстан тарихының негізгі тұжырымдарын жасауға белсене қатысты. Қола, ерте темір дәуірлерінің мәдениетін кезеңдерге бөлу және мерзімдерін нақтылау мәселелерімен айналысты. Орталық Азия өркениеті жүйесінде ежелгі Қазақстанның орнын айқындауға елеулі үлес қосты. Ал мерейтойға орай Әлкей Марғұлан атындағы археология интитуты Кемел Ақышұлының Ақтастыда жүргізген зерттеу жұмысының қорытындысын жариялайды.  

Әсемгүл Қасенова, Ә.Марғұлан атындағы Археология институты директорының орынбасары:

- «Бірінші іс-шарамыз ол алғашқы халықаралық симпозиум жоспарланып отыр. Және де сол симпозиум аясында ғылыми жинақ жарияланады. Және де екі монграфия. Сонымен қоса үлкен альбом жарияланайын деп отыр».

Ғалымның жетекшілігімен Астанадан 5 шақырым жерде Бозоқ қалашығы табылды. Ол 200 ғылыми еңбек пен 15 кітаптың авторы. Ғалым Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері болды. Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде археологиялық реконструкцияның зертханасын құрды.

А.Садуақас, С.Бейсекенов