Қаламгерліктен қайраткерлікке жеткен тұлға

Астанада қазақтан шыққан тұңғыш рәмізтанушы, сұңғыла аудармашы, зерттеуші Ербол Шаймерденұлын еске алуға арналған ғылыми-танымдық конференция өткізілді.

Қоғам қайраткерінің 70 жылдық белесінде оның мәдениет, тіл және геральдика саласына сіңірген елеулі еңбегі баяндалды.

Тәуелсіздігін енді алған жас мемлекеттің ту, елтаңба, әнұран сияқты бірегей белгілерін бекіту оңайға соқпаған. Сондай тарихи істің бастауында болған тұлғалардың бірі Ербол Шаймерденұлы. 1992 жылы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия құрылғанда оның хатшысы болып, төрткүл әлемге Қазақ елін танытқан нышандарымыздың дүниеге келуіне атсалысты. Ал 1993 жылы «Қазақ елінің рәміздері» деп аталатын кітапты 50 мың таралыммен жарыққа шығарды. Ербол Шаймерденұлын қазақтан шыққан тұңғыш рәмізтанушы деудің себебі осында.

Қуаныш Жиенбай, жазушы:

- Бүткіл рәміздерді, оның өмірге келуіне және оның басқа елдердің рәміздеріне ұқсамай өзіміздің табиғатымызға, өзіміздің рухани келбетімізге сай келетін рәміздеріміздің қалыптасуына азаматтық еңбек сіңірді. Және рәміздер туралы айтып қана қойған жоқ, ол туралы кітап жазып тастады.

Ербол Шаймерденұлы көп жылдар  тіл комитетінің төрағасы болып, ана тіліміздің мерейі үстем болуына қажыр қайратын жұмсады. Мемлекеттік қызметті абыройлы атқара жүріп, шоқтығы биік шығарма Қазақ афоризмдерінің жинағын жарыққа шығарды.

Сауытбек Абдрахманов, жазушы:

- Ницценің, Хайдегердің күрделі философиялық шығармаларын аударған. Оның үстіне ол үлкен антология құрастырушы. Қазақтың ақыл-ой антологиясы деген үлкен құнды қазына. Анахарсистен бастап Асқар Сүлейменовке дейінгі ондағы маржан ойларды бір кітапқа сүзіп шыққан.

Алайда жүрегі ұлтым деп соққан азаматтың ғұмыры қысқа болды. Өмірінің арқауы болған ұшан-теңіз еңбегі халқына мұра болып қала бермек.

Қуандық Танабас, Нұрғали Мамырбаев