Қазақстан сарапшылары Тбилисидегі NISPacee конференциясына қатысты

Грузия астанасы Тбилисиде мемлекеттік басқару мектептері мен институттары қауымдастығының 32-ші конференциясы өтті, деп хабарлайды 24KZ.

3 күндік шарада Еуропа, Африка, Америка, Орталық Азия мен Кавказ аймақтарынан келген сарапшылар бас қосты. Іс-шараға қатысушылар осы саладағы ой-пікірлерін ортаға салып, әлемдік тәжірибенің қыр-сырымен танысты. Қазақстан делегациясы 2021 жылы Президент бекіткен мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасы аясында іске асырылып жатқан жобаларымен бөлісті.

Эка Акобия, Орталық және Шығыс Еуропадағы мемлекеттік басқару институттары мен мектептері қауымдастығының президенті:

- Биылғы жылғы конференцияның тақырыбы – қақтығыстан кейінгі мемлекеттік басқару. Жиын аясында Орталық және Шығыс Еуропа елдеріндегі реформалар, қаржы мен бюджет, цифрлық және жергілікті басқаруға қатысты 9 түрлі сессия болды. Онда аталған бағыттар бойынша өзекті мәселелер талқыланды. 

Әлихан Байменов, Мемлекеттік қызмет саласындағы Астана хабы басқару комитетінің төрағасы:

- Біз геосаяси шиеленіс дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Бұл Үкімет қабылдаған дұрыс және бұрыс шешімдердің нәтижесін айқындайды. Сессияға қатысқан әр мемлекет жаңашыл мемлекеттік басқарудың қандай болуы керектігі туралы өз ұсыныстарын ортаға салып, пікірлерімен бөлісіп жатыр.