Оңтүстік Кореядағы қазақ мектебінде соңғы қоңырау соғылды
Оңтүстік Кореяда қазақстандық оқу бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін жалғыз мектепте соңғы қоңырау соғылды, деп хабарлайды 24KZ.
Онда негізінен отандастарымыздың балалары оқиды. Білім ордасын тәжірибесі мол қазақстандық ұстаз басқарады.
Қазақстандық мектепте соңғы қоңырау әнұранмен басталды. Мұғалімдер оқушылар мен ата-аналарды оқу жылының аяқталуымен құттықтап, түлектерге сәт сапар тіледі. Бұл жеке оқу орны Кёнги провинциясының Пхёнтек қаласында 4 жыл бұрын ашылған. Мұндағы оқушылардың барлығы таңертең жергілікті кәріс тіліндегі мектептерде білім алып, ал түстен кейін осында келіп оқиды.
Оқу орнында қазақ тілі пәні қосымша сабақ ретінде жүргізіледі. Оны осы мектептің бірнеше оқушысының анасы оқытады. Ләйлім кәсіби мұғалім емес, бірақ сабаққа дайындалғанда Қазақстандағы мектептерде жұмыс істейтін туыстарымен ақылдасады.
Ләйлім Бөлкенбайқызы, қазақ тілі мұғалімі:
- Біз бердік, балалар қазақ тілін үйренсін, біздің өз әрпімізді үйренсін, оқуды үйренсін. Білмеймін, бірақ Қазақстанға оралып қалсақ, балалар бағдарламадан қалып қалмау үшін осы жерде сабаққа барады.
Пхёнтектегі білім ордасын Алматы облысы Үштөбе ауылындағы мектептің бұрынғы директоры Галина Хван басқарады. Жерлесіміз 7 жыл бұрын Кореядағы балалары мен немерелеріне қонаққа келіп, содан осында қалып қойған. Кейін шаһарда қазақ мектебін ашуға бел буады. Бірақ 9-11 сынып оқушылары орта білім туралы аттестат алу үшін оқуды Қазақстанға барып жалғастыруы керек. Тағы бір мәселе – оқу материалдары. Мұғалімдер оларды көбіне интернеттен алып пайдаланады.
Галина Хван, мектеп директоры:
- Біздің мемлекетте шетелдегі қазақстандықтар үшін қашықтан білім беру жүйесі жоқ. Осы себепті балаларымыз ана тілінде оқи алмай, орыс мектептеріне баруға мәжбүр. Сөйтіп, Кореядан шықпай-ақ, аттестат ала алады. Біз дәптердің өзін Қазақстаннан алып келеміз. Білім министрлігі бізге көмектесіп, балаларымызды оқу материалдарымен қамтамасыз етсе жақсы болар еді.
Кореяның тағы 2 қаласында осы мектептің филиалдары бар. 3 білім ордасында барлығы 100-ге жуық оқушы білім алады. Олардың бірқатары орта білім туралы аттестат алу үшін енді Қазақстанға оралып, келесі оқу жылын елімізде жалғастыратын болады.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян.