Түркияға оқуға түсудің ерекшелігі қандай?

Биыл Түркияда 3 миллионнан астам оқушы университетке түсуге ниет білдірген, деп хабарлайды 24kz.

Жоғарғы оқу орнына арналған сынақ 8-9 маусым күндері өтті. Туыстас елдегі емтихан-сынақ жайлы толығырақ бізбен тікелей байланысқа шығып тұрған меншікті тілшіміз Меруерт Қанағаттан сұрайық.

Диктор:

- Армысыз Меруерт! Түркияда оқуға түсудің ерекшелігі қандай? Біздің ҰБТ-ға ұқсас немесе өзгеше тұстары туралы айтып берсеңіз? Түсінуімше бұл түрік азаматтарына арналған. Соңғы жылдары қазақ жастары да осы түрік университеттерін жиі таңдайтын болды. Оларға қандай да бір жеңілдік қарастырылған ба?

Меруерт Қанағат, тілші:

- Түркияда университетке түсу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Біздегі Ұлттық біріңғай тестімен салыстырғанда күрделі. Мұнда бұл сынақ жоғарғы оқу орындары емтиханы деп аталады. 2018 жылдан бері Өлшеу, таңдау және орналастыру орталығының жүзеге асырып келе жатқан сынақ жүйесі екі кезеңнен тұрады. Алдымен үміткерлер «Негізгі біліктілік тест» тапсырады. Бұл университетке түсу үшін міндетті емтихан және бірінші кезеңді білдіреді. Тесттің мақсаты – логикалық ойлауды, пайымдауды, бағалауды және ойлауға негізделген есептерді шешу дағдыларын өлшеу. Сұрақтар таңдалған орта мектеп бағдарламасынан келеді және осы сессияға қатысу үшін міндетті болып табылады. 120 сұрақтан тұратын тестке 165 минут берілген. 120-ның 40-ы түрік тілі, 20-ы әлеуметтік ғылымдар бойынша тест, нақтырақ айтқанда тарих, география, философия, дін мәдениеті және әдептен 5-5 тесттен, кейінгісі негізгі математика 40 сұрақ және соңғысы жаратылыстану бойынша 20 сұрақ.

Мұнда үміткерлер физикадан 7, химиядан 7 және биологиядан 6 сұраққа жауап берулері тиіс. Үміткерлерге өз таңдауын жасау үшін математика немесе түрік тілінен тестілеуден жартылай өту жеткілікті. Сонымен қатар TYT бойынша 200 немесе одан жоғары балл алған студенттердің TYT балы, екі жыл бойы жарамды. Тестілеудің екінші кезеңі салалық біліктілік сынағы деп аталады. Сұрақтар жоғары сыныптың төрт жылдық оқу бағдарламасынан таңдалған. Үміткерлерге негізгі біліктілік тестінен кейін салалық біліктілік сынағы тапсыруға міндетті емес. Десе де, жалпы алғанда, 4 жылдық білімі бар университеттер екі сынақтың ортақ балын есептейді. Яғни, негізгі біліктілік тестінің 40%-і, салалық біліктілік сынағының 60%-ің жалпы балымен қабылдайды. Емтиханның ұзақтығы 180 минут. 80 тесттен тұратын емтиханда түрік тілі әдебиеті, әлеуметтік ғылымдар, математика мен жаратылыстану пәндерінен сұрақтар қамтылған. Сондай-ақ шет тілін талап ететін мамандықтарға түсушілер, қосымша сол күні шет тілі бойынша тесті тапсырулары тиіс. 80 сұрақтан құралған тестке бөлінген уақыт 120 минут. Сынаққа кіру ақысы әрбір тест үшін 4100 теңге шамасында. Сынақ нәтижесі жарияланғаннан кейін үміткерлер 26-30 аралығында мамандық таңдап, онлайн өтініш береді. Кейбір бөлімдер мен бағдарламалар үшін шекті балдар бар. Мәселен, медицина факультетіне түсу үшін ең жоғары балл жинаған 50 мың кісінің қатарында болу шарт және бөлінген орынған ең жоғары балл алғандар орналасады.

Диктор:

- Бұл түсінуімше, түрік азаматтарына арналған. Соңғы жылдарда қазақ жастары да жиі осы түрік университеттерін таңдайды. Оларға қандай жүйе қарастырылған.?

Меруерт Қанағат, тілші:

- Иә, дұрыс айтасыз. Бұл ел азаматтары үшін. Ал, шетелдіктерге «Шетелдік студенттер емтиханы» бар. Алдыңғы жылдарда университеттер ҰБТ балы немесе аттестатпен қабылдай беретін. Биыл түсушілер шетелдік студенттер емтиханына кіруге міндетті.

Үміткерлер онда түрік, яки, ағылшын тілі, логикадан тапсырулары керек. Сосын университеттегі конкурсқа тапсырады. Ал, ағылшын тілінде оқытатын университеттер үшін САТ мен ағылшын тілін растайтын құжат болуы шарт. Бұл айтқандарымның дені ақылы оқу. Ал, Түркия университеттеріне арналған «Грант Türkiye» стипендиясы деп аталады. Оған үміткер оқушы кезінен қаңтар-ақпан айынан қамдануы тиіс. Өзім Түркия университетінде білім алушы ретінде кеңесім оқуға түсу мен оны оқу бөлек екенін айтқым келеді. Түрік университеттерінде оқу оңай емес. Білім, дағдылық пен сабырлылықты қажет етеді.