Қазақстан фермерлері Лондондағы қой шаруашылығы көрмесіне қатысып жатыр
Ұлыбританияда қой шаруашылығына арналған халықаралық көрме ашылып, оған қазақстандық фермелер де қатысып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Іс-шара отандастарымызға осы саладағы озық технологиялармен танысып қана қоймай, білімдерін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Екі жылда бір рет өткізілетін қой шаруашылығы көрмесі Англияның Малверн қаласында өтіп жатыр. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен жеке кәсіпкерлер мен коммерциялық компаниялар қатысып отыр. Қой бағуды кәсіп қылған қазақстандықтар да салаға қатысты соңғы жаңалықтармен танысып, тәжірибе жинау үшін осында келді.
Өмірсерік Әбиев – Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкері. 10 жылға жуық уақыттан бері қой шаруашылығымен айналысады. Жеке серіктестігінде 7 мыңнан астам қойы бар. «Ұлыбританияда жайлымдық жерлер аз, шаруалар сапаға жұмыс істейді. Әсіресе инновациялық технологиялары дамыған, үйренеріміз көп екен», – дейді кәсіпкер.
Өмірсерік Әбиев, кәсіпкер:
- Осы технологияны біз Қазақстанда дамытып, жұмыс істесек, қойдың санын бірнеше есе өсіре аламыз. Өйткені Қазақстан жері өте кең, өте құнарлы. Бізде қазір қарап отырсақ, Қазақстанда 24 млн ғана қой бар. Оның санын 10 есеге өсіруге болады.
«Мал басын көбейту үшін қойдың генетикасын дұрыстамай, молшылық жоқ. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ет сапасын арттыру маңызды», – дейді селекциялық-асыл тұқымдық және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген отандық ғалымдар.
Жанат Қасенов, Қ. Медеубеков атындағы қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымы:
- Генетика жағынан керемет тұқымдары бар. Ол тұқымдарды біз де будандастырып, Қазақстанға әкеліп жатырмыз. Біріншіден, біздегі еттің сапасын көтеру үшін. Өздері қойларды өте жақсы көреді. Өзінің баласы секілді асырайды, өсіреді. Психология басқа бұларда. Содан бізге үйрену керек.
Британиялық шопандар қой шаруашылығымен ежелгі Рим империясынан бері айналысып келеді. Елде 30 миллионға жуық қой мен қозы бар. Индустрия жыл сайын экономикаға шамамен 290 миллион стерлинг фунтын әкеледі. Фермалар мен соған қатысы бар салаларда 150 мыңдай адам жұмыс істейді.
Фил Стокер, Ұлыбритания ұлттық қой шаруашылығы қауымдастығының басшысы:
- Біздің Қазақстанмен байланыс орнатқанымызға біраз уақыт болды. Қой генетикасына деген қызығушылықтарыңыз жоғары екенін білемін. Біз барынша көмектесуге ниеттіміз. Асыл тұқымды қойдың ұрығын сатып қана қоймай, одан әрі қосымша ақпаратпен қамтамасыз еткіміз келеді.
Қазақстан да асыл тұқымды қойларға кенде емес. Еділбай, етті меринос, қазақтың биязы жүнді қойы сияқты тұқымдардың 3 милионнан астамы өсіріледі. Үкімет мал тұқымын асылдандыру бойынша 5 түрлі субсидиялау тетігін қарастырды. Шаруашылық санын ұлғайтып, экспорттық нарықтар ашу үшін 2026 жылға дейінгі жол картасы жасалды. Межеге жету мақсатында шетелдік тәжірибенің де берері көп.
Ерлан Зейнешев, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің бөлім жетекшісі:
- Мамандандырылған қой шаруашылығы көрмесіне қазақстандық фермерлердің келуі өте маңызды. Біз Британ бизнесмендерімен бірқатар келіссөздер өткізіп, іскерлік байланыстар орнатпақшымыз. Бұл сапар алдағы уақытта жаңа жобаларға жетелейтін нәтижелер береді деген зор үміттеміз.
Елшілік алдағы қыркүйек айында салада ынтымақтастықты нығайту үшін екі мемлекеттің бұдан да көп кәсіпкерлерінің басын қосып, тағы бір шара ұйымдастырмақшы. Қой шаруашылығы бойынша оқу семинары өткізіліп, Тұманды Альбионға келе алмаған сала мамандары онлайн қосылуға мүмкіндік алады.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы.