Қазақстандық ғалым АҚШ-тағы қазақтарды зерттеп жүр

«Болашақ» бағдарламасының «500 ғалым» жобасы аясында 270 маман АҚШ-тың үздік университеттерінде ғылыми тағылымдамадан өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Солардың бірі – АҚШ-тағы қазақ диаспорасын зерттеп жүрген алматылық ғалым.

Жырақта жүрген қазақтардың саны 5 миллионға жетті. Бұл – АҚШ астанасында ғылыми тағылымдамадан өтіп жатқан қазақ ғалымының келтірген дерегі. Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің кафедра меңгерушісі, PhD доктор Гүлнаш Асхаттың айтуынша, АҚШ-тағы қазақтарға, оның ішінде жастарға ұлттық бірегейлікті сақтауда түрлі кедергілер бар көрінеді.   

Гүлнаш Асхат, ғалым, PhD доктор:

- Бізді көбірек ойландыратын мәселе – бұл ұлттық бірегейлік. Себебі сіздің ұлттық бірегейлігіңіз қандай елден, қандай ұлттан екеніңізді көрсететін бірден-бір белгілері болғандықтан, сауалнамалардың басым бөлігін дәстүрге, тілге, дінге деген сияқты бөлімдерге бөлгенмін. Қазақтардың біразы бірегейлігін сақтауға тырысып жүр екен, бірақ бірегейлігін сақтауға біраз кедергілер бар, яғни қауіптер. 

Қазіргі уақытта Нью-Йорк, Вашингтон, Лос-Анджелес және Чикаго қалаларында ғана қазақ мәдени орталықтары ашылған. Ал АҚШ-тағы қазақтардың саны 100 мыңнан асқанын ескерсек, 4 орталықтың аздық етері сөзсіз. «Осы орайда қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігін зерттеп, ұлттық бірегейлігін сақтауға жағдай жасау аса маңызды», – дейді ғалым. Өйткені тілі, ділі, діні бөлек бұл елде орта басқа.

Гүлнаш Асхат, ғалым, PhD доктор:

- Үлкен жастағы адамдар сақтайды барынша дәстүрді, дінді, салтты, тілді дегендей. Бірақта олардың уайымдайтын ең үлкен мәселелрінің бірі – бұл жастар. Өзінің ұрпағы үшін уайымдайды ғой. Тілін ұмытып жатыр. Себебі орта, мектеп, балабақша дегендей. Сонан кейін сыртта жүргеннен кейін қазақи мәдени орталықтар жоқтың қасы екен. Сол үшін бірақ өзіміздің мемлекеттік үкіметтік бағдарламаға өзіміздің ұсынысымызды дайындап жатқанымыз бар.

АҚШ-тағы қазақ диаспорасын зерттеп, мәдениаралық тәжірибе негізінде тың деректер жинақтаған ғалым «500 ғалым» жобасы аясында Джордж Вашингтон университетінде ғылыми тәжірибеден өтіп жатыр. «2022 жылы бастау алған бұл жобаның берері мол», – дейді маман.

Гүлнаш Асхат, ғалым, PhD доктор:

- Ғылыми тағылымдама өте қажет. Ол кез келген маман иелеріне, болашақта шетелде білім алғысы келетін мамандарды осындай тағылымдамаларға жіберіп, тәжірибе аламсуды үлкен қажеттілік деп санаймын. Бұл біздің еліміздің дамуына үлес қосары сөзсіз.

Қазірдің өзінде тағылымдамадан өткен мамандар медицина, білім беру, цифрландыру, химия және биология салаларында еңбек етіп жүр. Айта кетейік, аталған жоба аясында бүгінде АҚШ-тың үздік ЖОО-да 270-ке жуық маман ғылыми тағылымдамадан өтіп жатыр.

Авторы: Талғат Алманов.