Елордалық мұғалім әлеуметтік желіні тиімді пайдаланады

Елордадағы бастауыш сынып мұғалімі әлеуметтік желіде танымал, деп хабарлайды 24kz.

Тұрдыгүл Примованың парақшасына 8 мыңға жуық оқырман тіркелген. Шетелдік әріптестері де өзара тәжірибе алмасуға қызығушылық білдіріп жатыр.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- №81 халықаралық мектептегі бастауыш сынып оқушыларының әр сабағы қызықты өтеді. Балалар әріптер мен сандарды ойын форматында үйренеді. Осы арқылы естерінде жақсы сақталады. «Ең бастысы, сынып ішінде оқушы өз ойын еркін білдіре алатындай жайлы жағдай жасау керек», - дейді Тұрдыгүл Примова.

Тұрдыгүл Примова, №81 «Astana english school» халықаралық мектебінің бастауыш сынып мұғалімі:

- Негізі мен әр сабағымды әр түрлі ойындармен өткізуге тырысып отырамын. Балаларды қызықтыру мақсатында сергіп те аламыз, билеп те аламыз, ән айтамыз. Бізде бастауыш сынып, болғандықтан. балалар тез шаршап қалады. Жалықпас үшін әртүрлі ойындарды ойластырып өткізуге тырысамын.

Тұрдыгүл Примова әр сабағын видеоға түсіріп, өзі монтаждайды. Ізінше әлеуметтік желіге ұдайы жариялап отырады. Заманауи педагогтың шығармашылық еркіндігін мектеп директоры да қолдайды.

Тоғжан Қартаева, №81 «Astana english school» халықаралық мектебінің директоры:

- Тұрдыгүл Хамитқызы бұрыннан бері жұмыс істейді. Өте ұйымшыл, жанашыр мұғалім. Жаңалықтардан қалмайды. Өзі «Инстаграм», «Тикток» парақшаларын белсенді жүргізеді. Жаңашылдық арқылы балаларына көп үйретері бар. Одан кейін әріптестеріне дайрект арқылы жіберіп отырады. Мені де белгілейді. Мектеп парақшасында да сол жұмыстарды жариялаймыз.

Мұғалім болуды кейіпкеріміз бала күнінен армандаған. Мақсатына жетсе де, арманына адал болып келе жатқанына биыл 14 жылдан асты.

Бақыт Бапахова, №81 «Astana english school» халықаралық мектебінің оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

- Үлкен дайындықпен келеді сабақтарына. Сол сабақтарда қатты ұнайтыны және балаларға әсерлі болатыны ол – ойын. Эмоционалдық ойындар. Балаларды бір-бірін біріктіру үшін жақсы қарым-қатынасқа енгізеді және де балалардың дағдыларын дамытады. Балалар сияқты, баланың деңгейіне түсіп, бала тілімен жеткізгені маған қатты ұнайды. Сондықтан апайыма ризашылығымды білдіремін.

Тұрдыгүл Примова сондай-ақ әріптестері мен жоғары сынып оқушыларына «Мобилографияның» қыр-сырын үйретеді. Қазір мектепте әлеуметтік желіні белсенді пайдаланатын мұғалімдердің саны артты. Ұстаздар интернеттің көмегімен балаларға сапалы білім берудің оңтайлы тәсілдерін жарыса жариялап жатыр.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Эльвира Лекерова, Ержан Қанапияұлы, Болат Абдуллин