Ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды белсенді түрде енгізу қажет

Агросекторға жаңа технологияларды белсенді түрде енгізу қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында осындай тапсырма берді. Оның айтуынша, елімізде минералды тыңайтқыштар аз қолданылады. Сондықтан, агротехнологиясы дамыған озық елдердің деңгейіне ұмтылуымыз қажет. Импортқа тәуелділікті азайтып, тыңайтқышты өзімізде шығаруға ден қою керек. «Қазір елімізде құны 4 миллиард доллар болатын ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның арқасында 7 миллион тонна минералды тыңайтқыш өндірілмек. Осылайша біз ішкі нарықты толық қамтамасыз етеміз, ал артығын экспортқа шығаруға мүмкіндік туады», – деді мемлекет басшысы. Сонымен қатар, президент саланы цифрландыру мен автоматтандыру мәселесін ұдайы назарда ұстауды тапсырды. Агроөнеркәсіп кешеніндегі қызметтер мен процестерді толығымен электронды форматқа көшіруді жеделдету қажет. Субсидия алу мен жеңілдіктерді пайдалану алгоритмдері фермерлер үшін барынша қарапайым және түсінікті болуы керек. Бұл туралы ақпараттардың формалары мен мазмұны барынша қолжетімді болғаны жөн. Жасанды интеллект пен «үлкен деректерді» пайдалану арқылы ғана өндірістің барлық кезеңінде дәл есептеу, бақылау мен болжау мүмкін болмақ, деді ол.