Елордада Worldskills Kazakhstan 2024 чемпионаты өтіп жатыр
Астанада Worldskills Kazakhstan 2024 ұлттық чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Білім бәйгесіне 500-ден астам жас қатысып жатыр. Олар 30 бағыт бойынша өзара мықтыны анықтайды. Бүгін қатысушылармен жүздесуге Үкімет басшысы сайыс алаңына арнайы барды. Кездесу барысында Олжас Бектенов жұмысшы мамандық иелерінің маңыздылығына тоқталып, кадр даярлаудағы мәселелерді талқылады.
Елде мамандар тапшы. 2030 жылға дейін кадр қажеттілігі 1,8 млн адамға жетеді деген болжам бар. Оның ішінде 1 млн-нан астам техникалық білімі бар қызметкер керек. Қажеттілікті қамтамасыз ету үшін Мемлекет басшысы келер жылды «Жұмысшы мамандықтары» жылы деп жариялап, кадр даярлауға қарқын беруді тапсырды.
Бұл жайлы қатысушылармен кездесуде Үкімет басшысы да баса айтты. Олжас Бектенов еңбек адамдарының елдің ертеңі үшін маңызды екенін ескертіп, сайыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
Бұл білім бәйгесінің берері көп. Теориямен қатар тәжірибе сыналатын сайысқа 555 жас қатысып, 30 бағытта бақ сынап жатыр. Солардың бірі – Маңғыстау жоғары политехникалық колледжінің түлегі Әлібек Алдамжаров. Ол елішілік чемпионаттармен қатар әлемдік бәсекелерде Қазақстан намысын қорғап жүр. Талантты жас техника саласында тыңнан түрен салуға ниетті.
Әлібек Алдамжаров, Х. Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау жоғары политехникалық колледжінің түлегі:
- Автоматтандыру және басқару мамандығын таңдаған себебім бұл салада мамандар аз және еңбек ақысы жоғары мамандықтардың бірі. Осыған дейін Польша, Абу-Даби қалаларында қатысушы болып, мол тәжірибе жинап келдім. Қазір соның нәтижесін көріп жатырмын. Жалпы WORLDSKILLS қозғалысы – мен сияқты жастарға тегін әрі қолжетімді жарыс алаңы, білім алаңы. Мемлекеттік қолдауы бар.
Санжар Тәтібеков, «Талап» КеАҚ президенті:
- Worldskills Kazakhstan 2024 ұлттық чемпионаты жалпы қатысушыларға үлкен мүмкіндік береді. Біріншіден, жұмысқа орналасу үдерісін арттырады. Өйткені бұл жерде студенттеріміз өзінің дағдысын көрсетеді. Жалпы бизнес өкілдері бұлардың қалай жұмыс жасап жатқанын көріп өзіне жұмысқа тартады. Қазір қатысып жатқан 555 студенттің бәрін 100% жұмысқа орналасатын болашақ маман деп айтуымызға болады.
Әрі қарай Премьер-министр колледж директорларымен кездесті. Онда кадр даярлаудағы мәселелерді талқылап, дуальды оқытудың маңыздылығына тоқталды. Қазір 400-ден астам қазақстандық колледж бен 7 мыңнан артық кәсіпорын келісімшарт жасасып, сапалы маман дайындауда қажырлы еңбек етіп келеді. Биыл кәсіптік білім беру мекемелеріне 142 мыңнан астам студент қабылданды.
Ақерке Маралқызы, Атырау сервис колледжінің студенті:
- Тігіншілік, менің ойымша, өте маңызды мамандық. Өзіме өте ұнайды. Менің мамам тігіншілікпен айналысады. Мен де оған еліктегім келеді, сондай болғым келеді. Менің «мастеріме» еліктегім келеді. Өте жақсы тігіншілер бәрі.
1 қыркүйектеп бастап білім алушылардың шәкіртақысы 50%-ке өскен. Бұл былтырмен салыстырғанда 1,5 есе көп. Сонымен қатар биыл 8 жатақхана салынып, ілкімді істің игілігін 2 мыңнан астам жас көреді. Колледж студенттерін қолдау әрі қарайда қарқын алады. Бүгінгі білім бәйгесі – соның бір дәлелі.
Ринат Серғазыұлы, студент:
- Осы жарыс өзіме қатты ұнайды, тас қалау мамандығы бойынша. Тас қалау әлемде қатты кездесе бермейді. Жұмысшы ондай аз. Мен шетелге шығып, Қазақстанның атын шығарғым келеді. Осы жарыста бірінші орын аламын деген ниетім бар.
Алда Ұлттық құзыреттер орталығы құрылады. Жиын соңында жауаптыларға Олжас Бектенов осындай тапсырма берді. Жаңа нысанның жұмысын бастаса, салаға серпіліс беруі бек мүмкін.
Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы.