Қазақстандық платформа 13 елде оқытылып жатыр

Балалардың цифрлық сауатын ашатын отандық жоба Финляндияда ресми сертификат алды, деп хабарлайды 24KZ. Қазір қазақстандық оқыту платформасы бойынша 13 елдің бүлдіршіндері білім алып жатыр. Білім беру сапасы бойынша әлемде көш бастап тұрған фин елінде жоғары құрметке ие болған бұл қандай жоба?

Астаналық оқушылар смартфондағы CodiPlay қосымшасы арқылы бағдарламалауды үйреніп жүр. Мәселен, 7-сынып оқушысы Әлинұр Асқарбекұлы «ақылды тосқауылдың» жұмыс механизмін құрастырып, басқаруды меңгерген. Ол үшін қосымшаға тосқауылдың бағдарламасын бастан-аяқ өзі жасап енгізеді.  

Әлинұр Асқарбекұлы, Т. Жүргенов атындағы №70 мектептің 7-сынып оқушысы:

- Осылай бағдарламаны құрап болғаннан кейін біз осылай қосамыз. Міне, қосылған кезде ультрадыбыстық, ультрақашықтық сенсор көрген кезінде «ақылды тосқауыл» ашылады, сосын біраз уақыттан кейін жабылады. Бұл жоба көліктің жылдамдығын басқарып отырады.

CodiPlay цифрлық сауат ашуда таптырмас құралға айналды. Қазір елдегі 100-ге жуық мектепте оқытылып жатыр. Балалардың қызығушылығы жоғары. Бір қарағанда ойын сияқты көрінген бұл жоба айтарлықтай білімді қажет етеді. «Яғни, бір затты құрастыру үшін бірнеше пәнді меңгеру керек», – дейді мамандар.

Нұрғали Тұрымбетов, CodiPlay компаниясының GR директоры:

- Шынайы түрде бала өзінің жобасын жасап көрсетеді. Мәселен, біздің жаңағы ақылды үй деп айтып жатырмыз. Мына жарықтың қосылуы, не болмаса жаңағыдай болып жатқан неше түрлі технологиялардың, осының жобасын, бала сабақта отырып, өзі үйді жасайды. Оған арнайы кабинеттің қажеті жоқ. Қолындағы смартфон, бала ойын ойнайды бір жағынан, жобаны жасайды. Сөйтеді де, әлгі жобаға жан бітіреді. Бұл жерде бірнеше дағды қажет болады. Физика қажет, жаңағы датчиктерді, схемаларды жасау үшін химия қажет деген сияқты. Арақашықтықты есептеу үшін математика, геометрия қажет деген сияқты. Сонда қарасаңыз, осы өнім арқылы бала бірнеше дағдыны игере алатын таптырмас бір дүние болып тұр.

Мұғалімдер де қосымшаға оң баға беріп отыр. Кейінгі кезде балалар көшеде көрген заттарына ден қойып қарайтын болған. «Яғни, маңайдағы құрылғылардың жұмысына назар аударып, соны сабақта өз қолдарымен жасап шығаруға ниетті оқушылар көбейіп келеді», – дейді олар. 

Ләззат Жанзаққызы, Т. Жүргенов атындағы №70 мектептің информатика пәні мұғалімі:

- Осы «Кодиплейді» өтіп жатқаннан кейін балалар айналысына зейін қойып қарайтын болды. Яғни, жолдан өткен кезде, күнделікті үш-төрт рет жолдан өтеді. Сол кезде бағдаршам қалай істейді екен, неге онша уақыт жанады жасыл? Сондай ой келгенде олар осында келіп сұрайды: бағдаршам қалай істейді? Сол кезде көрсетем, яғни олар «Кодиплэйде» құрастырады.

Қазір қазақстандық оқыту платформасы әлемнің 13 елінде оқытылып жатыр. Жақында Финляндияның білім сапасы сертификатын алды. Сонымен қатар Ұлыбританияда «Жылдың үздік инновациялық жобасы» атағына ие болды. Қазіргі уақытта жоба авторлары платформаны басқа да елдерде таратуға бел буып отыр.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Ырыстанбек Оспанов.