Атыраулық оқушылар колледжде қосымша білім алып жүр

10-11-сыныпта оқитын 60-қа жуық жеткіншек «Қос деңгейлік білім беру» пилоттық жобасына қатысып, «аспаз», «автомобиль жөндеу слесарі» және «электргазбен дәнекерлеуші» мамандықтары бойынша біліп алып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Оқушылар орта білім аттестатымен қатар мамандық меңгергені туралы диплом алады. Пилоттық жобаны қазір қаладағы 3 колледж жүзеге асырып жатыр.

Махаббат Амангелдіқызы мен Айназ Исабай 10-сыныпта оқиды. Бүгінде мектеппен қатар колледждегі сабақтарына да қалмай қатысып жүр. «Аспаз» мамандығының бірінші курс студенттері келер жылы орта білім аттестатымен бірге мамандық меңгергені туралы дипломды да алады. «Бұл – оқушылар үшін үлкен мүмкіндік», - дейді жобаға қатысушылар.

Махаббат Амангелдіқызы, оқушы:

- Мектеппен қатар оқу оқушы үшін өте үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Себебі біз мектеппен қатар орта білімді, яғни, мамандандырылған аспаз мамандығын бірге алып шығамыз. Мен осы колледжде үйренген тағамдарымды үйде пісіріп отбасымды қуантудамын Сонымен қатар 11-сыныпты аяқтаған уақытта осы әрі қарай аспаз мамандығына жоғары оқу орнына түскім келеді.

Айназ Исабай, оқушы:

- Болашақта мен бұл мамандықты жалғастырамын деген сенімдемін. Өзімнің жеке бизнесімді ашып, керемет, есте қаларлықтай аспаз тобын ашамын деген ойдамын. Теория сабақтары да болады және практика. Теорияда біз көптеген тағамдар бойынша технологиялық карта құраймыз. Және де көптеген жаңа рецепттер ойластырамыз.

«Қос деңгейлік білім беру» пилоттық жобасы былтыр жүзеге аса бастаған. Өткен жылы оқуға қабылданған 27 оқушы қазір қаладағы мейрамханалар мен кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. Колледж оқытушылары биыл жоба қатысуға ниетті жастардың көбейгенін айтады.

Әйгерім Тасимова, колледждің арнаулы пән мұғалімі:

- Бұл – керемет мүмкіндік. Мұндай мүмкіндік біздерде қазір колледжімізде тек осы «аспаз» мамандығында. Негізі басқа мамандықтарда ашылса, бұл балаларға өте үлкен мүмкіндік болар еді. Себебі бұл мамандықпен кәсіп те ашуға ыңғайлы. Қазіргі таңда «Жас маман», «Атамекен» бағдарламалары бойынша көптеген гранттар бөлініп жатыр. Солармен әрі қарай жұмыс істеуге болады.

Оқушылар 2 күн практикалық, 3 күн теориялық сабақтарға қатысады. Пилоттық жобаға қатысушылар «аспаз», «автомобиль жөндеу слесарі» және «электргазбен дәнекерлеуші» мамандықтары бойынша оқып жатыр. Алдағы уақытта мамандықтардың ауқымын кеңейту жоспарланып отыр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов, Жандос Рахметуллин