Семейлік бес оқушы «XXI ғасыр көшбасшысы» ойынына қатысады
Семейде «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының облыстық іріктеу туры өтіп, бес оқушы жеңімпаз атанды.
Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» агенттігінің бірлескен жобасы дарынды оқушыларды қолдауға бағытталған. Облыстық кезеңде Абай облысының әр түкпірінен келген 100-ге жуық оқушы білім сынағына түсті. Үздік атанған бес бала республикалық сайыста Абай облысының намысын қорғайды. Қазір жеңімпаздар қызу дайындық үстінде.
Үздік шыққан бес үміткердің бірі Нұрлат Кемелтай. Бала күнінен «Хабар» арнасынан көрсетілетін «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынын үзбей қарағанын айтады. 11-сынып оқушысы медицина саласына қызығады. Семей медицина университетінде білім алып хирург болғысы келеді.
Нұрлат Кемелтай, оқушы:
- Жалпы енді медицинаға кішкентай бала кезімнен қызығушылығым бар. Жеті жасымды қолымды сындырып алған болатынмын.Сол кезде хирургтардың қалай жұмыс істейтінін көріп таң қалған болатынмын. Сол кезден бастап медицинаға деген қызғушылығым ашылып хирург болуға талпынып келе жатырмын.
«ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының облыстық іріктеу кезеңінде жеңімпаз атанғандардың бірі Ерасыл Жұмабай. Жаратылыстану және дүниежүзі тарихы пәндерін жақсы көреді, археолог болуды армандайды. Дарынды бала Корея еліне оқуға түсуді мақсат еткен.
Ерасыл Жұмабай, оқушы:
- Бұл сұрақтардың форматын көрдік. Енді осы форматтарға қарай әртүрлі пәндер бойынша дайындала беретін боламыз. Республикалық кезеңде жақсы жетістікке жетеміз деп ойлаймын.
Ал Тұмар Тәңірберген Үржар ауданы Елтай ауылынан келген. Сайысқа тыңғылықты дайындалған оқушы облыстық кезеңде жоғары ұпай жинап, республикалық сайысқа жолдама алды. Қазір келесі турға дайындалуда.
Тұмар Тәңірберген, оқушы:
- Сұрақтар әртүрлі болып келді. Қиыны да болды, жеңілі де болды. Көбінесе оңай бәріміз білетін мектеп бағдарламасынан да келді сұрақтар. Жаллпы қызықты өтті.
Облыстық кезең жеңімпаздары оқу мен спортта, ғылыми жарыстарда жетістікке жеткен үлгілі оқушылар. Енді телевизиялық жобада білімін сынайды. Математика пәнінің мұғалімі Ақерке Қалиақпарова семейлік оқушылардың республикалық сайыста топ жаратынына сенімді.
Ақерке Қалиақпарова, математика пәнінің мұғалімі:
- Осы көшбасшылық болсын, басқа да сайыстардың конкурстардың барлығында оқушыларымыз тек қана мектеп білімімен шектеліп қалмайды. Мектеп, қала облыс егер одан әрі өтсе жалпы мемлекетіміздің намысын қорғайды деп ойлаймын.
«ХХІ ғасыр көшбасшысы» ойынына семейлік Әлинұр Әділбеков пен Арнұр Марат та қатысады. Жеңімпаздар қазір қызу дайындық үстінде. Әрқайсысы «ХХІ ғасыр көшбасшысы» атануды мақсат етіп отыр.
Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов