Қазақстанның Ғылым қоры Германиямен байланысын нығайтты

Қазақстан мен Германия жасыл экономика жолында ғылым мен кәсіпкерлікті бір арнаға тоғыстыруы керек. Әлем бойынша ғалымдарды қолдауға бағытталған CLIENT II бағдарламасының Берлинде өткен қорытынды жиынында тараптар осылай деді.

Аталған бағдарлама аясында Германияның Білім және ғылым министрлігі әлемнің түкпір-түкпіріндегі ғылыми жобаларға қаржылық қолдау танытып, инновациялық ынтымақтастықты дамытуды мақсат етеді. Қазірдің өзінде 32 елде 81 жоба іске қосылып, 150 миллион евро қаражат тартылған. Соның 20 миллион евросы Орталық Азия елдеріндегі ғалымдарға бөлінген және оның дені Қазақстанның еншісінде.

Петер Либельт, тұрақты даму инновацияларының Орталық Азия бюросының өкілі:

- Орталық Азияда жалпы бірлескен 15 жоба жұмыс істесе, соның 8-і Қазақстанда. Бәрі жақсы дамып жатыр. Себебі Қазақстандағы ғалымдардың да, зерттеу университеттерінің де деңгейі жоғары. Климаттың өзгеруі, ауыл және су шаруашылығымен байланысты жобаларға зор қызығушылық бар. Тек Қазақстанның өзіне 10 миллион евро бөлінді. Қазақстан тарапынан да бірлескен қаржыландыру мүмкіндіктері қарастырылған.

Камиль Акатов, «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы:

- Еліміздің оңтүстік аймағында ауыл шаруашылығына қатысты маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Германияның және Еуроодақтың ғалымдарымен бірге еліміздегі су ресурстарын дұрыс әрі тиімді пайдалануда ынтымақтастық орнатылды. Жаңармалы энергия көздері де назардан тыс қалмады. Қазақстанның барлық ғалымдарын осындай халықаралық бағдарламаларға қатысып, шетелдің үздік технологиясы мен тәжірибесін елімізге бейімдеуге атсалысуға шақырамыз.