Nazarbayev University: оқуға түсу жеңілдеді

Орталық Азиядағы іргелі оқу орны саналатын Nazarbayev University оқуға қабылдау ережесі өзгергенін хабарлайды.

Енді оқу орнына түсу анағұрлым жеңілдемек. Бұдан былай ақылы негізде білім алуды қалайтын талапкердің  ҰБТ сертификаты есепке алынады.

Орталық Азияның үздік оқу орны енді талапкерлер үшін арман күйінде қалмайды. Себебі талап-ереже өзгерді. Басты жаңалық - ағылшын тілі деңгейіне қойылатын талаптар жеңілдеді. Бұл әсіресе таңдауы жаратылыстану бағытындағы ғылымдарға түскен түлектерге қатысты. Сондай-ақ  алғаш рет  абитуренттерді Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша оқуға қабылдау іске асады. 

Мадина Байжігітова, Nazarbayev University студенттерді оқуға қабылдау департаментінің бас менеджері:

- Біздің университетке түсетін талаптарды талапкерлердің өздеріне оңайырақ қолжетімдірек жасадық. IELTS балдары 5.5-тен басталады. Оған қоса мектептің аттестаты бойынша GPA бойынша да түсуге болады. ең төменгі бал 3,5. және одан басқа ҰБТ нәтижесін де ұсынса болады. Талапкерлер біздерге тапсыратын болса, ол өте оңай. Ол үшін жеке кабинет ашады біздің порталда. Оның барлығы онлай жасалады.

NU Білім беру бағдарламаларының тізімін кеңейтті. Әсіресе медицина мектебінің алты жылдық бағдарламасы қызығушылық тудырды. Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебі, Орталық Азиядағы ең мықты саналатын компьютерлік ғылымдар, Data Science, механикалық және ғарыштық инженерия бойынша жетекші бағдарламаларды ұсынады. Барлық ақпарат университеттің ресми сайтында жарияланған. Тек ғылым-білім ғана емес, оқу ордасы жалынды жастардың студенттік өмірін барынша мәнді өткізуге де көңіл бөлетінін жеткізді. 

Бейбіт Асқарұлы, Nazarbayev University студенттермен жұмыс істеу департаментінің басшысы:

- Жеті жарым мың студентіміздің бес мыңы жатақханада тұрады. Біз барлық басқа қалалардан келетін студенттерді 100 пайыз жатақханамен қамтамасыз етеміз.

NU түлектері жетекші қазақстандық және халықаралық компанияларда жұмыс істейді, түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 98%. Ал оқу үдерісіндегі соңғы  өзгерістер олардың қатарын еселей түседі деген үміт зор.

Назерке Тоқжан