«ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынына ШҚО-дан 5 оқушы іріктелді
«ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынында Шығыс Қазақстанның намысын ең дарынды деп танылған бес оқушы қорғайды, деп хабарлайды 24kz.
Облыстық кезеңнен сүрінбей өткен жеңімпаздардың үшеуі Өскемендік өрендер болса, қалғандары шалғайдағы Үлкен нарын, Күршім ауданын келген ауыл балалары. Қазір отыз қатысушының ішінен озық шыққан жеткіншектер білімдерін жетілдіріп, дайындықтарын бастап кетті.
Мөлдір Қабылғазы «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының облыстық турнирінде ең көп бал жинады. Дегенмен, интеллектуалдық сайыс оңайға соқпапты. Болашақта география-математика саласында мықты маман болғысы келетін Мөлдір осы жолы спорт тақырыбындағы сұрақтарға қиналған. «Айтқалы жатқан жауабымды басқа қатысушы менен ертерек айтып қойып, сан ұрған сәтім де көп болды», - дейді ол
Мөлдір Қабылғазы, Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп гимназиясының оқушысы:
- Мен айтқалы жатқан кезде ол қыз бірден айтып жіберді, қап дем қалдым, балымды ала алмай қалдым. Біліммен қатар бұл кезеңде шапшаңдық маызды деп айта аламын, ең бірінші орында шапшаң болу керек, тез ойлау арқылы, алғырлығың арқылы орын алуға болады.
«ХХІ ғасыр көшбасшысы» ойынында республикаға жолдама алғандардың бірі – Бекжан Қасым. Үлкен Нарын ауданы,Солдатово ауылынан келіпті.Болашақта тәртіп сақшысы болуды армандайтын ол: «Бос уақытымды спортқа арнаймын», дейді. Бірақ енді республикалық сайысқа дайындалуға ден қоймақ.
Бекжан Қасым, Солдатово ауылдық орта мектебінің оқушысы:
- Көбінесе тестілеу жағында оңай болды, ал осы ойында сұрақтар қиындау болды, себебі көбінесе жаңа сұрақтар болды. Жақсырақ дайындалу керек деген сөзді білдіреді, өз ойымды тазарту керек деген сөз.
Ерлік Ерасыл Күршім ауданы атынан бақ сынап, жолдама алды. Келешекте дипломат болуды көздеп жүрген ол турнир барысында «полиглот» ұяшықтарын жиі таңдады. Қазір қытай тілін меңгеруге бет бұрған жігерлі жеткіншек: «Зияткерлік ойын сол мақсатыма үлкен серпіліс берді», - дейді. Жарыс аяқтала сала жеңімпаз достарымен ортақ чат ашып, бірге әзірлену туралы ой тастаған.
Ерасыл Ерліков, Күршім ауылдық мектебінің оқушысы:
- Онлайн да оқуға болады, WhatsApp арқылы да, тіптен болмай жатса, Zoom арқылы да біз дайындала аламыз. Біз бір-бірімізбен тіптен бір кітапты оқитын да қосымшалар бар. Қазіргі сәтте WhatsApp группа құрып алдық, сол жерде барлық ойталқылардың барлығын, пікірлеріміздің барлығын айтатын боламыз және сол арада дайындаламыз.
Абылайхан Айткешов «Білім инновация» лицейінің 11-сыныбында оқиды. Өзін алдағы уақытта IT саласында сынап көрмекші. «Интелектуалдық жарыс аудиториямен жұмыс істеуге үйретті, сондықтан нағыз тәжірибе алаңына айналды», - дейді ол.
Абылайхан Айткешов, Өскемен қаласы білім инновация лицейінің оқушысы:
- Халық алдына шығу,қорқыныштан арылу, өзіңді сол жерде еркін ұстау, сұраққа қорықпай жауап беру. Жаупаркешлік көп алып, тағы да дайындалу керек деген ойдамын.
Білім бәсекесінде талантымен тәнті еткендердің бірі – Меруерт Қайратбекқызы.Өнерден де, спорттан да құр алақан емес. Алда «ХХІ ғасыр көшбасшысы ойынының республикалық кезеңі де, Ұлттық бірыңғай тест те күтіп тұр.Ендеше екеуіне бір демде дайындалуға болады дейді ол.
Меруерт Қайратбекқызы, дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп лицей-интернатының оқушысы:
- Ол жарыста меніңше, сол ҰБТ-да келген сұрақтар болады деп ойлаймын. Сол сұрақтарға мысалы, ҰБТ-да келетін сқрақтармен қоса дайындала отырып, екіжақты да бірдей алып шығамын деген ойдамын.
Жеңімпаздарға зияткерлік додаға дайындалатын уақыт жеткілікті. Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» Агенттігінің бірлескен телевизиялық жобасы келер көктемде өтеді деп жоспарланып отыр.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов