Биылғы оқу жылында елімізде 109 мектеп ашылды
Оқу жылы басталғалы бері елде 109 жаңа мектеп ашылды.
Оқу-ағарту министрлігінің ресми мәліметі осындай. Сыры кеппеген нысандардың 37-сі "Жайлы мектеп" ұлттық жобасының жемісі. Тағы 18 ғимарат мемлекетке қайтарылған заңсыз активтер есебінен салынып отыр.
Елордада ашылған бұл "Жайлы мектепке" 1600-ге жуық бала қабылданды. Бастауыш пен жоғары сыныптар үшін бөлек ғимарат қарастырылған. Маңайда бой көтеріп жатқан тұрғын үй кешендері көп екенін ескерсек, келер жылы оқушылар саны 2,5 есе көбеюі мүмкін. Мамандардың айтуынша, оларды қабылдауға мектептің жобалық мүмкіндігі жеткілікті.
Елдар Исабай, 11-сынып оқушысы:
- Біздің сынып толығымен осы мектепке ауысты. Сол себепті сыныбымнан қалмайын деп осында ауыстым. География-математика пәндері бойынша сыныптар жақсы даярланған. Сыныптар біз үшін өте қолайлы жасалған.
Қадыржан Тымбаев, қала тұрғыны:
- Мектеп заманауи салынған. Ішін аралап көрдік. Немеремді осы мектепке алып келдік, 1-сыныпқа. Осы мектептен ілім алып, Қазақстанымыздың өсуіне әрі қарай үлестерін қосады деп ойлаймыз.
Астанада дәл осындай 10 мектеп қолданысқа берілді. Ал одан кейінгі сатыда Ақмола, Алматы, Жамбыл облыстары тұр. Мәселен, екі жыл бұрын Алматы облысы бойынша үшауысымда оқытатын 54 мектеп болса, қазір соның үштен бірінде мәселе шешілген.
Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:
Бүгін осындай 37 мектеп қалды. Бұл мәселені шешу үшін "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында биыл 24 мың орындық 26 мектептің құрылысы басталды. Соңғы 3 жылда білім беру саласына 965 млрд теңге бағытталды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мектептерде заманауи білім беру технологиялары енгізіліп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылуы тиіс. "Жайлы мектеп" жобасы осы мақсатты көздейді. Бұл бағытта биыл 37 нысан ашылса, соның 16-сы ауылдық жерлерде орналасқан.
Мереке Амангелдіқызы, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы:
- Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. 2025 жылдың соңына дейін "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында қазіргі заманғы форматтағы 217 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. "Жайлы мектеп" жобасының маңыздылығы - білім беру сапасын арттыру, қала мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақтықты жою. Жобада білім беру ортасының функцияналдығы және қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады.
Сонымен қатар мемлекетке қайтарылған заңсыз активтер есебінен 18 білім беру нысаны салынды. Ал қалған ғимараттардың құрылысы республикалық және жергілікті бюджеттер, сондай-ақ, инвесторлар есебінен жүргізілді.
Еркебұлан Смадияров