Биылғы оқу жылында мектептегі мұғалімдер саны 8 мыңға көбейді

Биылғы оқу жылында мектептердегі мұғалімдердің қатары 8 мыңға көбейді.

Білім беру саласын саралаған тілшіміз Еркебұлан Смадияров студияға келіп отыр. Жас мамандардың дені қай өңірлерге жолданды?

Оқу-ағарту министрлігінің ресми сайтында жарияланған мәліметке сүйенсек, жас мамандардың көбі Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласында жұмысқа қабылданды. 

Бүгінгі таңда мектептерде 406 мың педагог қызмет атқарады. Былтырғымен салыстырғанда 8 мыңға артты. Кейінгі жылдары дарынды жастар арасында педагогикалық мамандықтарға сұраныс көбейіп келеді. Мысалы, былтыр 1500 «Алтын белгі» иегері дәл осы мамандықты таңдаса, биыл тағы 1800-і қатарға қосылды. Кадр тапшылығын шешу үшін жергілікті атқарушы органдар тарапынан білім гранттары бөлініп жатыр. Өткен оқу жылында осындай қолдаудың аясында 2 мыңға жуық маман диплом алды. 

Мектептерде кадрлармен қамту

педагогтар саны - 406 мың

өсім - 8 мың

1800 талапкер - "алтын белгі" иегері

2023-2024 ж. түлектер - 48 мың

әкімдіктер гранты - 2 мың 

Айман Дүйсенбаев, ҚР оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің басқарма басшысы:

- 2021 жылдан бастап білім беру жүйесіне жас мамандарды тарту үшін бірқатар шаралар атқарылып келеді. Гранттар саны артты. Стипендия мөлшері 58 мыңнан 78 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар педагогикалық мамандықтарға түсетін талапкерлердің ҰБТ бойынша орташа балы – 115 баллды құрады. 

Әлемдегі ең беделді білім бәйгелерінің жеңімпаздарын тәрбиелеген педагогтарға қаржылай қолдау көрсетіліп жатыр.

Оларға базалық лауазымдық жалақының 8 жарымнан 26 жарымға дейін еселенген мөлшерінде төлем тағайындалады. Биыл 24 педагог осындай бірреттік сыйақы алған. Ал жүлдегер атанған оқушыларға 5,5 млн теңгеге дейін төлем берілді.

Әмір Пішенбаев, халықаралық пән олимпиадасының жүлдегері:

- Осы олимпиададан кейін маған мемлекет 1000 МРП берді сыйақы ретінде. Ақшаның көбісін анаға бердім. Сосын бір бөлігін болашаққа қалдырдым. Физиканы одан да жақсы оқып, алтын медальға тырысамын.

Биыл еліміздің барлық өңірінде алғаш рет психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Бұл жоба буллингтің алдын алу, балалардың құқығын қорғау және отбасы институтын нығайтуға бағытталған. Орталықтардың жұмысы бастағалы бері 240 мың оқушы мен олардың ата-аналарына көмек көрсетілген. Дегенмен дәл осы ұйымдарда маман жетіспеушілігі байқалып отыр. 

Еділ Оспан, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:

- Министрлік тарапынан осы орталықтардың қызметін ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар, штат кестесі, қызметкерлердің біліктілігіне және материалдық-техникалық жарақтандыруына қойылатын талаптар бекітілді. Қазіргі күні орталықтардың кадрлармен қамтылуы 68 пайыз деңгейінде.  

Еліміздегі балабақшалар мен шағын орталықтардың жұмысы туралы бір ауыз айтып өтсеңіз. Бөбектердің мектепке дейінгі біліммен қамтылу көрсеткіші қанша қазір?

Биыл өңірлерде жаңадан 500-ден астам бөбекжай ашылды. Өз кезегінде 2 мен 6 жас аралығындағы балалардың мектепке дейінгі ұйыммен қамтылу үлесі 92 пайыз болды. Соның ішінде Шымкент қаласы, Павлодар, Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарында көрсеткіш едәуір жоғарылады.