Алматының Жетісу ауданында балабақша ашылды
Алматының Жетісу ауданында мереке қарсаңында тағы бір мемлекеттік балабақша ашылды, деп хабарлайды 24KZ. Бөбекжай Айнабұлақ ықшамауданында орналасқан. Екі қабатты мекеме қазақ тілінде жұмыс істейді және 160 бүлдіршінге арналған. Қараусыз қалған нысан екі жыл бұрын мемлекеттік меншікке қайтарылды. Бұл жерде әр топтың жеке асханасы, музыкалық және гимнастика залы бар. Мұндағы тәрбие ісі жаңа форматта жүргізіледі. Даярлық тобына дейінгі балалардың сабағы ойын түрінде өтеді.
Жалпы қалада мыңнан аса балабақша бар. Соның 195-сі мемлекеттік, қалғаны жекеменшік. Қазір Алматыда 40 мыңнан аса балдырған балабақша кезегінде тұр. Әкімдік өкілдері алдағы жылы тағы 6 мемлекеттік балабақша ашуды жоспарлап отыр.
Әлия Сағиева, қалалық білім басқармасының мектепке дейінгі бөлім басшысы:
- Түрксіб ауданында Қайрат ықшамауданында салынып жатыр, бітеді. Наурызбай ауданында Құрамыста, Шұғыла деген ықшамаудандарда салынып жатыр үлкен-үлкен балабақшалар. Әуезов ауданында салынып жатыр, қазіргі таңда келесі жылы Бостандық ауданында 2 балабақша ашылады, Медеу ауданында бір балабақша ашылады.
Бақытгүл Бейпенова, қала тұрғыны:
- Бір балам жекеменшік балабақшада болды, екінші балам №97 балабақшада болған. Екеуі бір жерге келсін деп осы балабақшаға орын алдық. Әдемілеп осы екі жылдың көлемінде құрылыс жұмыстары жүріп, осы жерге кең, әдемі балабақша ашып бергеніне ата-аналар қуаныштымыз.