Оқушылар мен мұғалімдердің жетістігі ғылым-білімге серпін береді
Биыл халықаралық Олимпиадаға барған әр екінші қатысушы жүлделі оралды. IChO химия бойынша ең беделді халықаралық олимпиадада және «First Global Challenge» робототехника бойынша әлем чемпионатында қазақстандық оқушылар 190 елдің өкілдерін басып озып, чемпион атанды.
Ел құрамасының қоржыны барлығы 563 медальмен толықты. Оның ішінде 77 алтын, 201 күміс және 285 қола бар.Үздік 7 беделді олимпиадада жүлделі орындарға ие болған 26 қазақстандық оқушы ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ елде екі жыл қатарынан ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиада өтті. Оның қорытындысы бойынша жүлделі орынға ие болған ауыл оқушыларының саны 10 есеге артты. Ұстаздар да өрледі. Ел тарихында тұңғыш рет бірден екі педагог «Қазақстанның Еңбек ері» атағына ие болып, ерекше құрмет белгісі – Алтын жұлдыз және «Отан» ордені табысталды. Бұл –педагогтардың еңбегіне Президент көрсеткен жоғары баға, құрмет пен сенім. Сонымен қатар Мемлекет басшысының қолынан 27 педагог «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағына ие болды. Республикалық байқаудың қорытындысы бойынша тағы 64 педагог «Үздік педагог» мәртебесін алды. Барлық 93 педагогқа 3,9 млн теңге мөлшерінде мемлекеттік сыйлық берілді.