563 қазақстандық оқушы халықаралық олимпиадаларда топ жарды
Биыл мектепшілік кезеңнен бастап пәндік олимпиада жарыстарына 1,5 млн оқушы қатысты.
Олардың арасында халықаралық деңгейдегі олимпиадаға әр пәннен кем дегенде 4 баладан ғана іріктеліп алынады. Осылайша биылғы 35 халықаралық олимпиадалық жарысқа республика бойынша 1816 бала барып келді. Соның 563-і жеңіспен оралған.
Ахмет Иса, Информатика пәнінен халықаралық олимпиаданың қола жүлдегері:
- Мен информатика пәнінен дүниежүзілік олимпиадаға қатыстым. Ол жақта қола медалін алдым. Шамамен 353 адам қатысты. Қателеспесем 90 елден қатысты. Бізде 3 күміс және 1 қол медлі болды.
Сол секілді Қазақстан құрамасындағы үздік оқушылар биыл ең беделді 7 халықаралық олимпиадада бақ сынады. Бұл жарыстарға 50-ден 120 мемлекетке дейін қатысады. Олар математика, физика, химия, биология, информатика, география және лингвистика пәндерінен сайысқа түсті.
Нұрлан Жұмагелді, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары
- Жалпы алып қараған кезде сол 7 олимпиадаға жыл сайын біз 31 баланы дайындап жібереміз. Биылғы жетістікке тоқталатын болсақ, осы 31 барған баланың 26-сы бізге медаль әкелді. 2 алтын, 12 күміс, 12 қола және 1 грамотамыз бар. Сонда 27 баламыз жетістікке жетті. Бұл жерде процентовкаға салсаңыз, 84 пайыз біз жетістікке жеттік.
Президент тапсырмасы бойынша 2022 жылдан бері халықаралық олимпиада жүлдегері атанған оқушылар мен мұғалімдеріне бір реттік сыйақы тағайындалған. Биыл 26 жеңімпаз оқушы 77,5 млн теңге және 24 мұғалім 6,4 млн теңге көлемінде сыйақы алды. Одан бөлек елдегі кез келген жоғары оқу орнына білім гранты бөлінеді.
Мөлдір Молдағали, Марат Диханбаев