Астаналық студенттер ым тілін тану жүйесін жасап шығарды

Жаңа қосымша есту және сөйлеу қабілеті бұзылған адамдардың өзгелермен емін-еркін диалог құруына мүмкіндік береді, деп хабарлайды 24kz.

Жобаны жетілдіру үшін жас өнертапқыштарға қайтарымсыз грант табысталды.

Жоба авторлары IT университетінде білім алып жатыр. Олар электронды сурдоаудармашыны құрастыруға 2 айдай уақыт жұмсаған. Өнертапқыштардың айтуынша, платформаның ым-ишараны түсіну сәйкестігі 95%-ке жетті.

Сергей Климов, жоба авторы:

- Жүйені қосқан кезде қол, иық және бет-әлбетіңіздің кадрға толық кіріп тұруын қадағалау керек. Өйткені ымдау тілінде бұл өте маңызды. Камераға қарап ымдасаңыз, жүйе бірден дауыстап аударып береді. Сондай-ақ, керісінше, дауыстап айтқан сөздерді ыммен түсіндіре алады.

Мамандардың зерттеуінше, есту және сөйлеу қабілеті бұзылған жандар өзгелерге қарағанда даяшының өзіне 6 есе көп уақыт жұмсайды екен. Оның үстіне айналасындағылардың бүкіл назарын аудартуға мәжбүр болады. Ал өнертапқыштар құрастырған жаңа жүйе оларды мұндай келеңсіздікке қалдырмайды. Жоба авторлары қазір платформаның мобильдік нұсқасын дайындап жатыр.

Сергей Климов, жоба авторы:

- Біз талдау жүргіздік. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, есту қабілеті бұзылған адамдарға мемлекет тарапынан жылына 60 сағат сурдоаударма қызметі ұсынылады. Бұл өте аз. Кейде емхананың өзінде бірнеше сағат қажет болады. Сондықтан біз жаңа жүйені барынша жетілдіруге тырысып жатырмыз.

Студенттер алдағы уақытта электронды сурдоаудармашыны емхана, халыққа қызмет көрсету орталығы, кинотеатр және сауда орталықтарының жүйесімен байланыстырғысы келеді. Инновациялық бастама мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған стартап-жобалар байқауында жеңімпаз атанды. Өнертапқыштар бір млн теңге көлемінде грант иеленіп отыр.

Захира Беғалиева, «Iteachme» қоғамдық қорының директоры:

- 19 жоба. Кейін екінші кезеңде жюридің алдында жобаларын айтып берді. Соның ішінен 7 жоба грант ұтып алды. Олар осы екі айдың ішінде прототиптерін жасап, әрі қарай инвест комьюнити, министрліктердің алдында көрсетеді, керек пе осы мүгедектігі бар адамдарға, ол керісінше зиянын келтірмей ме, соны.

Енді өнертапқыштар қайтарымсыз грант есебінен жобаның прототипін дайындап, қайта қорғауы қажет. Жоғары баға алғаннан кейін ғана өнімін өндіріске шығара алады.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Айсұлу Махмұтова, Руслан Әлиев