Петропавлда дипломы бар «серпіндіктер» жатақханада тағы бір жыл тұра алады

Петропавлда «Серпін» бағдарламасының түлектеріне жатақхана беріледі, деп хабарлайды 24KZ. Қозыбаев университеті оңтүстік өңірлерден келіп оқыған түлектерге осындай жағдай жасап отыр. Былтыр қалада 1200 орынға арналған заманауи жатақхана тапсырылды. 11 қабатты ғимаратта жаттығу залы, коворкинг аймақтар мен медициналық пункт орналасқан.

Жалпы өңірде жатақхана мәселесі толық шешілген. Енді жоғары оқу орны бос бөлмелерді «Серпін» бағдарламасының түлектеріне беруді жоспарлап отыр.

Ербол Исақаев, Қозыбаев университетінің басқарма төрағасы – ректор:

- Оңтүстіктен келіп оқыған түлектер диплом алған соң «Serpin Qoldau» бағдарламасы бойынша жатақханада бір жылға дейін тұра алады. Бұл олардың университеттен кейінгі өмірге тез бейімделіп, жұмыс істеп кетуіне оң ықпал етеді. Жалпы алдағы 3 жылда студенттер санын 10 мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз.