Отандық ғылым өрістеп келеді
Елімізде қолданбалы ғылымды мемлекеттік қаржыландыру көлемі 77 млрд теңгеге дейін өсті.
Бүгінде ғылыми зерттеумен айналысатын ұйымдар саны 400-ден асады. Соңғы 10 жылдықта саланың ілгерлеуіне айрықша серпін берген жаңа заң күшіне енгелі бірқатар маңызды жобаның іске асуына жол ашты.
Мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көрген жобаның бірі – жаңа полимерлі битум шығаруға арналған. Шикізат негізінде алынатын өнімге ғалымдар 1 жарым жыл ішінде зерттеу жүргізген. Жүргізілген сынақ та оң нәтиже беріпті. Бұл материалмен төселген жол қатты суыққа төзімді, ал аптап ыстықта берік болмақ. Бастаманы мамандар қазір қазавтожол сынды үлкен компаниялармен бірлесе жетілдіріп жатыр.
Кәмшат Мұхамеджан, тілші:
- Стартап жобасы осыдан бір жыл бұрын қолға алынған. Қазір Еуразиялық университет базасында ғалымдар бастаманы пысықтап жатыр. Өздеріне қажетті құрал-жабдықтар сатып алынған. Материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілген. Жалпы, бастаманың ерекшелігі Қазақстандағы жол саласындағы сапаны арттыруға бағытталған. Қазір жалпы жоба бойынша маманның өзінен сұрасақ. Бұл жобаның ерекшелігі қандай?
Данияр Базарбаев, PHD, Қауымдастырылған профессор:
- Ерекшелігі біз Қазақстанның өңірлерінен, мұнай зауыттарынан мұнай қалдықтарын алып, арнайы системамен, әдіснама бойынша біздің климаттық жағдайға сәйкестендіріп жаңа полимер битум ойлап таптық. Мақсатымыз - осы асфальт бетон материалының суыққа, ыстыққа төзімділігін аттыру және де тез қартаймауы. Өйткені біздің температура +50-ден, -50 арақашықтықта болады.
«Ғылымы жоқ елдің болашағы жоқ», – деген кезінде әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби. Қазір алпауыт елдің қай-қайсын алсақ та алдымен отандық ғылымын дамытуға күш салады. Әлемдік тәжірибені зерделесек, Израиль қазынадағы қаржысының көп бөлігін осы бағытқа бөлетін ел. Жыл сайын жалпы ішкі өнімнің 4,6 пайызын арнайды. Одан кейін Швеция – 4 пайыз, Жапония – 3,4 пайыз. Ал бізде бүгінге дейін берілетін ақшаның аздығы өнертапқыштар ісін тұралатып келген еді. Өткен жылы президенттің өзі назар аударып, салаға серпін берді.
Жайық Тоқтаров, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасары:
- Қазіргі таңда қаражат бөлу мәселесі жақсы жолға қойылды. Үкімет жанындағы жоғарғы ғылыми техникалық комиссия шешімімен 2024-2026 жылдарға арналған 3 жылдық бюджеттік кодекске сәйкес, ғылымды қаржыландыру үлкен үрдіс өсім көрсетіп отыр. Қазіргі таңда бұл 703, 6 млрд теңгені құрайды.
ғылыми қызметкерлер – 25 473
жылдық өсім – 20 пайыз
жас ғалымдардың үлесі – 46 пайыз
Бүгінде отандық ғылым саласында 25 мыңнан аса қызметкер еңбек етеді. Көз майын тауысып, күш-жігерін зерттеуге сарп еткен мамандардың да қатары жыл санап артқан. Жылдық өсім 2024 жылы 20 пайызға жетіпті. Оның ішінде жастардың үлесі - 46 пайыз.
Өткен жылы алғаш рет 315 жас ғалымға баспана кілті берілді. Шаңырақ алып шаттанғандарға алып Алатаудың баурайынан пәтер бұйырды.
Ақмарал Құлмұханбетова, жас ғалым:
- Өте қуаныштымыз. Ойламаған жерден бізге бүгін шақырып, үй табыстаймыз деді. Жас ғалымдарды осылай көтермелеп, жасап жатқан еңбегімізді елеп, президентіміздің қолдауымен жас ғалымдарды, ғылымға қосқан еңбегімізді елеп, бізге сый-сияпат беріп жатыр екен. Өте қуаныштымыз.
Ғылымға ғұмырын арнағандарды үкімет биыл да риза қылды. 250 ғалым әлемнің жетекші орталықтарында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алды. Республикалық комиссия шешімімен бір топ қызметкерге арнайы грант тағайындалып отыр. Саладағы қамқорлық бұл ғана емес биылдан бастап өнертапқыш мамандар жалақысы 17 пайызға ұлғайды.
Кәмшат Мұхамеджан, Ақылбек Есімсейт