Шетелдік тағылымдама отандық ғылымның кадр әлеуетін нығайтып жатыр
Шетелдік тағылымдама отандық ғылымның кадрлық әлеуетін нығайтып отыр.
Кейінгі бірнеше жылда 1500 қазақстандық ғалым шетелдің үздік университеттерінде тәжірибе жинап, біліктілігін арттырған. Биыл аталмыш бағдарлама бойынша тағы 250 стипендия бөлініп, медицина, химия, инженерия, ғылыми-техникалық саладағы кадрлардың білім-біліктілігін арттыру көзделіп отыр.
82 жастағы Рухзора Аджоибшоева Душанбе қаласының тұрғыны. Бүйрегіне ота жасату үшін Қазақстанға арнайы келген. Күрделі оталардың біздің елде жасалатынын білген соң балалары ғаламтор арқылы онкоуролог Талғат Құрмановты іздеп табады. Оның мыңдаған адамға көмектескен білікті дәрігер екенін білген соң Астанаға жетеді. Бүгінде науқасқа ота сәтті жасалып, жағдайы түзеле бастады.
Рухзора Аджоибшоева, науқас:
- Ол өте мейірімді адам екен. Дәрігердің ең әуелі адаммен жылы сөйлесіп, жанашырлық танытқаны қажет қой. Дәл осы хирургқа келгенімен қуанамын. Нағыз өз ісінің шебері.
Талғат Құрмановты ТМД ғана емес, Еуропа елдерінен арнайы іздеп келіп ота жасатқан науқастар бар. Дәрігер 10 жылда еліміздегі онкологиялық науқастарға 3000-ға жуық операция жасады. Тәжірибе жинау мақсатында АҚШ-қа аттанып, әйгілі Питтсбург университетінде тағылымдадан өтеді.
Америкада алған білімінің арқасында елге оралып, қуық асты безі мен бүйрек ісіктеріне күрделі операциялар жасай бастады. Содан бері бірнеше ғылыми патент иегері болып, Америка урологтары қауымдастығының мүшесі атанады.
Талғат Құрманов, Астана көпсалалық медицина орталығының директор орынбасары, онкоуролог, PhD:
- АҚШ, Корея мемлекеттерінде оқып, өзіміздің мемлекетімізге күрделі, ғылыми оталарды енгізіп жатырмыз. 10 жылдың ішінде 2-3 мың күрделі ота жасадым. АҚШ-та оқу - біздің түлектеріміз үшін уникальный возможность. Біздің мемлекетіміз стипендия төлеп, жолақысын төлеп, үлкен мүмкіндік беріп отыр.
КТМ: Шетелдік тағылымдама арқасында отандық ғалымдар ауыл шаруашылығы бағытындағы үздік тәжірибелерді зерделеуге мүмкіндік алды. Бұл өсімдік және мал шаруашылығындағы заманауи зерттеулермен танысып, салаға жаңа ғылыми көзқарасты қалыптастыруға ықпал етеді.
Қанат Тіреуов, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің басқарма төрағасы:
- Былтырғы жылы ғана біздің 50 шақты ұстаз ғалымдарымыз 500 ғалым жобасы аясында әлемдік деңгейдегі Америкадан бастап, Еуропадағы, Азиядағы мемлекеттерге 6 ай, 1 жылға академиялық ұтқырлық бойынша, стажировкамен барып келіп отыр. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалы зерттеу университеті болған соң біз білімді ғылым арқылы беріп жатырмыз. Балаларға білім беру үшін біз ғалымдарымызды үйретуіміз керек, ғалымдар өз жағынан білімін арттыру керек.
Бағдарлама іске асқалы 1500 қазақстандық ғалым шетелдің үздік университеттерінде тәжірибе жинап, біліктілігін арттырды. Ғылым және жоғары білім министрлігі бағдарламаның тиімділігін арттыру үшін оның талап-ережесіне түзетулер енгізді. Енді басымдық ғылымға жаңа келген жас ғалымдарға беріліп отыр.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- 1500 ғалымымыз осы тағылымдамадан өтіп, қайтып келді. Өз нәтижелерін берді бұл тағылымдама. Ірі кәсіпорындарға технологтарды, металлургтарды дайындауға, жасанды интеллект, инженерия. Жаңа ережелер осы жылдан бастап күшіне енеді. 3 наурыздан бастап, құжаттарды қабылдаймыз.
Әлемнің беделді оқу орындарында тәжірибеден өту үшін IT саласының мамандары үшін ғылыми жолдамалардың саны көбейтіліп отыр. Мәселен, биылдың өзінде жасанды интеллект саласындағы мамандарды даярлауға 100 стипендия бөлінеді.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Арнайы квота енгізілді, 100 стипендия енді жасанды интеллект саласындағы мамандар даярлауға бөлінеді. Былтырдың өзінде 29 адам кетті шетелге, 5 магистратура деңгейінде, 24 тағылымдама деңгейінде, сондықтан тағылымдама талаптары күшейтілді.
Ғылыми тағылымдама елімізде білікті мамандар шоғырын қалыптастыруға ықпал етті. Бұдан бөлек, елімізде ашылып жатқан шетелдік университеттердің филиалдары да сапалы мамандар даярлауға өз үлесін қоспақ. Айталық, былтырдың өзінде елімізде әлемдік танымал университеттердің 23 филиалы жұмыс істей бастады. Биыл тағы 11 филиал құрылады деп жоспарланған.
Қуандық Танабас, Мерей Талап