Әмірліктерде виза беру тәртібі қатаңдатылды

Біріккен Араб Әмірліктері шетелдіктерге визалық талапты қатаңдатты, деп хабарлайды 24KZ. Соған байланысты елдің иммиграциялық департаменті өтініштерді қарастыру мерзімін ұзартып, кейбірін тіпті кері қайтарып жатыр. Бұған кейінгі жылдары Дубайдағы жұмысшы мигранттар санының күрт өсуі ықпал еткен. Қалада халық саны тез көбейіп, бірқатар мәселелер туындай бастады.

Таяу Шығыстың қуатты экономикасы саналатын Біріккен Араб Әмірліктерінде шетелдік жұмыс күшіне қашанда сұраныс жоғары. Құрылыс пен қызмет көрсету саласында мигрантсыз іс бітпейді. Солардың дені – Үндістан мен Пәкістан азаматтары. Арнайы сараптамалық орталық дерегіне сай сырттан келіп жұмыс істейтіндердің көшін алғашқысы бастап тұр. Шамамен 5 миллион үндістандық нәпақасын тауып жүр. Құрылыс саласындағы ауыр тірлік пен қонақүй бизнесіндегі сервис осы ел жұмысшыларының мойнында. Мамандардың айтуынша, оңтүстіказиялық арзан еңбек күші нарықта әбден орнығып қалған. Дегенмен парсы шығанағына Үндістаннан жұмыс іздеп қана емес, қаржылық капиталын инвестициялық жолмен еселеуді көздеп келгендер де бар. Ірі бизнесмендері бұл жерде қонақүй, мейрамхана және жылжымайтын мүліктерге иелік еткен.

Бабу Наяк, үндістандық иммигрант:

- Мына қонақ үйде менеджер болып жұмыс істеймін. 2022 жылдан бері осындамын. Отбасым Үндістанда тұрады. Осында алып келуді жоспарлап жүрмін. Айлығым 5 мың дирхамға жуықтайды.

Ал Дубай таксилерін осы күні тек мигранттар басқарады. Салаға жауапты компанияларда көлік жүргізушілеріне қойылатын талап қатаң. Бірақ осыған қарамастан жолаушы тасымалында үндістандық пен пәкістандық көп. Туристік маусымда ай сайын 20 мың дирхам табады. Бұл біздің төл валютамызға шаққанда шамамен 3 миллион теңге.

Ильфан Амид, пәкістандық иммигрант:

- Бастапқыда такси жүргізуші болып жұмысқа орналастым. Қазір басқа салада еңбек етемін. Мұнда пәкістандықтар өте көп. Жергілікті халықтың 20%-не тең.

Қазір Әмірлік азаматтарын шамадан тыс кептеліс қинай бастады. Қоғамдық орындар көпшілікке лық толып, ұзын сонар кезек жиі туындайды. Осыған байланысты өткен жыл соңында иммиграциялық департамент Оңтүстік Азиядан келетін саяхатшыларға виза рәсімдеу тәртібін біршама қатаңдатып, өтініштерді жіті тексеруді қолға алды. 

Еске салайық, Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында визасыз режим 2018 жылы күшіне енді. Ол бойынша азаматтарымыз бұл елде 30 күн визасыз жүре алады.  

Авторы: Рауан Мыңбай.