Атырау облысында 9 колледждің базасы жаңартылады

Атырау облысында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында 9 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылады, деп хабарлайды 24KZ. 3 колледжге 750 орындық жатақхана салынады. Сондай-ақ тағы 3 оқу ордасында өндірістік цех ашу жоспарланып отыр. Жалпы 6 бағыт бойынша арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген.

Оңайбай Көшеков атындағы аграрлы-техникалық колледжі жыл сайын 400-ге жуық жұмысшы маман дайындайды. Оларға деген сұраныс та жоғары. 18 мамандық бойынша оқытатын оқу ордасының материалдық-техникалық базасы да жаңарған. 3 жыл бұрын республикалық «Жас маман» жобасы аясында 155 млн теңгеге 3 шеберхана ашылыпты. Ал биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын хаб құруды жоспарлап отыр.

Маржан Ләпиденова, О. Көшеков атындағы аграрлы-техникалық колледжі директорының орынбасары:

- Біздер ауыл шаруашылығы мамандығына бейімделген болғандықтан, осы жерде ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын хаб ашқымыз келеді. Хаб үлкен. Оны да облыстық білім беру басқармасымен біздің басшысымыз келісіп жатыр. Өткенде агрофорум өткіздік. Агрофорумда да ол айтылды. Ол олардың әрі қарай жұмысқа орналасуына, жақсы маман болып қалыптасуына үлкен әсерін тигізеді.

Бүгінде колледжді аяқтаған ветеринарларға, құрылысшылар мен геодезистерге сұраныс артқан. Жұмысшы мамандардың мәртебесін көтеріп, түрлі салаға білікті мамандар даярлау мақсатында биыл 9 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылады. Сондай-ақ өңірге қажетті мамандықтардың нақты тізімі де дайындалған.

Дарын Шамұратов, облыс әкімінің орынбасары:

- 17 колледжде қайталанатын 21 мамандықты 5 колледждің базасына жинақтау арқылы оңтайландыру, сол арқылы олардың кәсіби құзыретін, біліктілігін арттыру – негізгі міндеттердің бірі. Бұл жоспарға сәйкес биылғы жылы осындай жұмыстарды атқарамыз деп отырмыз. Сонымен қатар аса сұранысқа ие мамандықтар тізімін зерделеп, осы бойынша 8 мамандықты оқытуға біздің колледждердің біліктілік, бейінділік дағдыралын, нәтижелерін көрсеткішін көтеру жоспарланып отыр.

Қазір жұмысшы мамандарды дайындау мақсатында білім гранттарының саны көбейген. Осы оқу жылының өзінде 4500-ден аса грант бөлінді. Бүгінгі күні өңірде 24 колледж жұмыс істейді. Оның 12-сі жұмысшы мамандарды оқытады.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов, Жандос Рахметуллин.