Білім сапасын саралайтын ұлттық құрал халықаралық аккредитациядан өтті

Оқушылардың білім сапасын саралайтын қазақстандық жүйе халықаралық ұйымның жоғары бағасына ие болды, деп хабарлайды 24kz.

Шәкірттердің біліміне мониторинг жүргізетін ұлттық құрал халықаралық аккредитациядан өтті. Бұл жайлы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен RCEC халықаралық сараптау және сертификаттау ғылыми орталығының директоры Арнольд Брауэрдің кездесуінде айтылды.

Айта кетейік, бұл ұлттық жүйе оқу сауаттылығы, математика және жаратылыстану бағытына баға береді.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Біз білім сапасын арттыруда бұдан да өзге шараларды қабылдап жатырмыз. Осы бағыттағы жұмыстарымыз мемлекетіміздегі білім сапасын халықаралық деңгейге жол ашады деген үміттеміз. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жалпы білім саласында ең басты мақсаттың бірі  білім сапасын көтеру қажеттігін шегелеп айтқан болатын. Оқу-ағарту министрлігі білім сапасын арттыруға бірнеше қадамдарды негізгі мақсат етіп алғанбыз.

Арнольд Брауэр, RCEC Халықаралық сараптау және сертификаттау ғылыми орталығының директоры:

- Қазақстандық білім беру жүйесі қазірдің өзінде жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Оқушылардың білім сапасын бағалайтын жүйе 7 кезеңмен сараланды. Онда тест сұрақтарын құрудан бастап, цифрлық платформада тестілеуді басқарға дейінгі кезеңге баға берілді. Сәйкесінше, халықаралық стандарттарға сай деп танылды. Бұл ұлттық бағалау жүйесі Орталық Азия аймағындағы бірлескен бағалау жобаларының бір бөлігі бола алады.