Дарынды оқушылар «Болашақ» бағдарламасымен бакалавриатқа түсе алады

Дарынды оқушылар «Болашақ» бағдарламасымен оқиды, деп хабарлайды 24KZ. Бүгін Сенат білімді балаларды қолдауға арналған заңды мақұлдады. Құжат аясында Халықаралық ғылыми жобалар мен олимпиадалардың жеңімпаздарына жоғары оқу орындарына гранттар беріледі. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасымен бакалавриатқа түсу мүмкіндігі енгізілді. Бұл еліміздегі дарынды жастардың білімге ұмтылысын арттыра түспек.

Әсем Рахметова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Олимпиадаларда ерекше жеңіске жетіп жүрген балаларымыз бар. Бүгінде робототехника, математика, физикадан болысн ерекше деңгейде білім көрсетіп жүр. Бірақ бұрын «Болашақта» тек магистратура мен докторантура ғана болды. Енді осы халықаралық олимпиададан жеңген балаларға бакалавриат ашылып отыр.

Дархан Ахмед-Заки, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:

- Олимпиада тізімін енді бекітеміз. Себебі заң күшіне енді енеді. Талаптар бар. Негізгі талап, қолында диплом болуы керек. Қазір алдағы олимпиадаға дайындық жүріп жатыр. Онда жеңген балалардың бәрін құжаттар жинағанда ескеріледі. Бізде көбіне физика, химиядан соңғы кезде күміс алып жүр, математикадан қола медаль алып жүр.