Сарапшылар қолтаңбаның авторын анықтаудың жаңа әдісін жасап шығарды

Қазақстандық сарапшылар қолтаңбаның авторын анықтаудың жаңа әдісін жасап шығарды, деп хабарлайды 24KZ. Графикалық планшет арқылы орындалған сандық қолтаңбаларды зерттеу әдісі сот экспертизасының уақытын үнемдеп, нақты нәтиже береді.

Ардақ Байносерова 1997 жылдан бері сарапшы болып қызмет етеді. Соның ішінде соңғы 22 жыл жазу мен қолтаңбаны зерттеумен айналысады. Жазу мен қолтаңба сараптамасы криминалистік зерттеу түріне жатады. Бұл  қылмыстық істер, азаматтық істер, әкімшілік құқық бұзу бойынша даулы құжаттар пайда болған кезде сот осы сараптама түрін тағайындайды. 

Ардақ Байнөсерова, Ғылыми-тәжірибелік сот сараптамалары орталығының бас сарапшысы:

- Сарапшының құзыретіне үш түрлі міндет тұрады. Бірінші, идентификациялық және нақты осы қолтаңбаны, жазуды орындаған адамды анықтау. Екінші, диагностикалық мәселені шешеді. Яғни қандай да бір күйін анықтау. Физикалық немесе психологиялық қысым жасалды ма, әлде асығыс кетіп бара жатқанда қойылған қолтаңба ма, соны анықтайды. Үшінші, классификациялық. Ол жерде орындаушының жасы мен жынысы анықталады.

Орталықта жылына 300-ден 400-ге дейін сараптама жасалады. Криминалистік зерттеуде кісі өлтіруге қатысты қағаздар мен суицид кезінде қалдырылған қоштасу хаттары бар. Мұдай жағдайда сарапшылар қолтаңбаны толық зерттеп, оның авторы мен хаттың қандай жағдайда жазылғанын анықтап бере алады.

Жазу мен қолтаңба сараптамасына жіберілетін негізгі құжаттар – бұл мұраға қалдырған мүлікке қатысты құжаттар, одан кейін қарыз қолхаттары мен басқа да қаржылық операцияларды растайтын құжаттар. Әр қолтаңбаны зерттеуге бір аптадан бір айға дейін уақыт кетеді. Ал осы сараптама кезінде қолданылатын негізгі құралдар – ол микроскоп және лупа.

Технологиялар жыл сайын дамып келеді. Қолтаңба қоюда гаджеттер мен электронды құралдар жиі пайдаланылады. Қылмыстық-азаматтық істерге қатысты құжаттар цифрлық түрде қарастырылады. Осыған байланысты Ғылыми-тәжірибелік сот сараптамалары орталығы жазуды зерттеудің өз әдістемесін ойлап тапқан. Бұл цирфлық бағдарлама графикалық планшет арқылы қойылған қолтаңбаларды компьютерде зерттеуге мүмкіндік береді.

Ілияс Исмаилов, Ғылыми-тәжірибелік сот сараптамалары орталығы директорының ғылым мәселелері бойынша орынбасары:

- Осыдан 3-4 жыл бұрын біз ТМД бойынша аналогы жоқ, жалпы дүниежүзі бойынша көптеген мемлекетте енгізілмеген графикалық қолтаңбаларды зерттеуді өндірісімізге енгіздік. Арнайы бағдарламаларды пайдаланып, осындай қолтаңбаларды зерттеу әдістемесін әзірледік.

Жалпы қазір орталықта 6 сарапшы еңбек етеді. Республика бойынша жазу тану сарапшыларының саны 40-қа жуық. Олар бүгінде кең таралған алаяқтық фактілері, сондай-ақ қаржылық алаяқтық бойынша қылмыстық істерге қатысты құжаттардағы қолтаңбалардың шынайылығын тексереді. 

Ілияс Исмаилов, Ғылыми-тәжірибелік сот сараптамалары орталығы директорының ғылым мәселелері бойынша орынбасары:

- Біз арнайы жабдықтар мен бағдарламаларды қолдана отырып, сондай қолтаңбаларды орындау кезіндегі бүкіл ақпаратын зерттей аламыз. Қандай қысыммен орындалғанын, қандай жылдамдықпен орындалғанын және оны әртүрлі басқа үлгілермен салыстыра отырып, оларды визуалды түрде сарапта қорытындысын рәсімдей аламыз. Бұрында тек фототаблица ғана жасасақ, ал қазір бейнетаблица жасай аламыз және ондай объектілер бойынша жалған сараптама жасау немесе қате тұжырымға келу мүмкін емес. Бұл үлкен жетістіктеріміз деп айтсақ болады.

Қазіргі таңда Қырғызстан және Өзбекстан сараптамалары орталықтары осы әдістемеге қызығушылық танытып отыр. Жақын арада қазақстандық мамандар әріптестеріне осы әдістемені үйретуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Марат Диханбаев.