Арал қаласында жайлы мектеп ашылды
Қызылорда облысында 21 жайлы мектеп салу жоспарланған.
Бүгінде оның 4-еуі пайдалануға берілді. Соның бірі Арал қаласынан ашылды. Өңірде біліммен қатар, денсаулық сақтау нысандары да салынып жатыр. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 27 амбулатория қолданысқа берілді. Сонымен қатар Сексеуіл кентінде 40 төсек-орынды аурухана іске қосылды.
Арал қаласында ашылған «Жайлы мектеп» 300 орынға арналған. Жаңа білім ұясы екі мектептің жүктемесін азайтуға сеп болады. Номерлері 62 және 220-мектептерде білім алып келген 2 мың 600 баланың 500-ге жуығы осы жайлы мектепке ауысады. Мұнда пәндік кабинеттер, 2 спорт зал және хореографиялық зал бар. Оқушылар робототехникамен айналысып, коворкинг аймақтарында тыныға алады.
Асқарбек Есжанов, облыстық білім басқармасының басшысы:
- «Жайлы мектептердің» негізгі ерекшелігі трансформер парталар және балалардың қауіпсіздігі, заманауи талаптарға сәйкестендірілген технологияларды игеру болып табылады.
Ал Арал ауданындағы Сексеуіл кентінде 40 төсек-орындық аурухана пайдалануға берілді. Бұл елді мекенде 12 мыңдай тұрғын бар. Ескі аурухана осыдан жүз жыл бұрын салынған болатын. Тозығы жеткен ғимараттың кем-кетігі көбейгесін, жаңасы салынды.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
- Ауылдағы кісілердің, ауылдағы біздің балаларымыздың қаладан ешқандай айырмашылығы жоқ. Барлық жағдай бірдей жасалу керек, ауылда да, қалада да деп Мемлекет басшымыз үлкен осындай бастамаларды көтеріп, тікелей өзі басшылық жасап, осындай үлкен жобаларды біздің елді мекендерде жүзеге асыруда.
Олжас Ысқақов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Тиісті медициналық көмекті көрсетуге барлық заманауи қондырғылармен жабдықталған. Лаборатория қызметі, ультрадыбыстық зерттеу, ретген аппараты осы сексеуіл халқының тұрғындарына аудан орталығына бару қажеттілігі болмайды.
Жалпы алғанда Қызылорда облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 27 медициналық нысан салынып, пайдалануға берілді.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин