Балқаштағы мектептерде орын жетіспейді
Балқаш қаласындағы мектептерде орын тапшы.
Кейінгі 16 жылда қалада бір де бір жаңа мектеп салынбаған.
Жақында мұнда жайлы мектептің құрылысы аяқталды. Мұнымен мәселе түбегейлі шешіле ме?
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Бұл Балқаш қаласындағы Әл-Фараби атындағы жалпы білім беретін мектеп. Білім ошағы 1000 балаға шақталған. Алайда оқушы санының көптігіне байланысты, мұнда 1428 бала оқиды. Мәселен мына сыныпта 25 бала болуы тиіс. Алайда 30 бала оқып жатыр.
Мектептегі барлық сыныпта осындай жағдай. Бұл ұстаздардың сабақ беруін қиындатады. Әр балаға жекелей уақыт бөлуге, үй тапсырмасын сұрауға үлгермейміз,-дейді мұғалімдер. Қалада жаңа жайлы мектеп салынды. Бірақ ол қала шетінде болғандықтан ата-аналардың бірқатары баласын ауыстыруға қарсы болған. Алдағы уақытта оған қатынайтын арнайы автобус қарастырылмақ. Қазір ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Сайлаугүл Сыздықова, Әл-Фараби атындағы жалпы білім беретін мектептің директоры:
- Ата-аналармен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Шет жақтан келіп оқитындар да бар балалар. Сол мектепке ауысу жағдайын ата-аналармен де, сынып жетекшілерімен де сол маңда тұратын оқушылармен де жүргізіп жатырмыз. Бүгінгі таңда біраз бала ауысамыз деп отыр.
Қаладағы 16 мектептің екеуінде орын жетіспеушілігі бар. Қос білім ошағында барлығы 900 бала артық. Оқу жылының соңына дейін оларды жайлы мектепке ауыстырмақ. Жаңа оқу орадсы 900 орындық. Мұнда барлық жағдай қарастырылған. Қазір мектептің нормативтік-құқықтық құжаттары рәсімделіп жатыр,-дейді Балқаш қаласы білім бөлімінің басшысы Қарлығаш Дүбірбекова.
Қарлығаш Дүбірбекова, Балқаш қаласы білім бөлімінің басшысы:
- Нормативтік-құқықтық құжаттарды әзірлеп жатырмыз. Сол 12 параметрден өткеннен кейін білім сапасын қамтамасыз ететін білім басқармасынан 1 мен 11-сыныпқа дейін оқытуға лицензия аламыз. Жоспарымыз бойынша биылғы оқу жылында. Қазіргі 2024-2025 оқу жылы деп отырмыз.
Өңірдегі 5 ескі мектептің орнына жаңасын салу жоспарланған. Бүгінгі таңда Талды, Елгезек ауылдарында құрылыс басталды. Сондай-ақ Қарағандыда 3 ауысыммен жұмыс істейтін 1 білім ошағы бар. Жақында сол маңдағы жайлы мектептің құрылсы аяқталған соң мәселе түбегейлі шешіледі. Жалпы облыс бойынша 10 жайлы мектеп салынады.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Сайлау Игіліков