Шымкентте үш ауысымды мектеп саны азаяды

Шымкенттегі Құрсай шағын ауданында жаңа мектеп салынып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Біздің арна тілшілері осы аудандағы мектеп мәселесін бірнеше рет көтерген болатын. Құрсайда тұратын 3 мың оқушы бір мектепте үш аусыммен оқитын. Мердігер мекеме «биылғы оқу жылы басталғанша құрылысты бітіреміз» деп отыр. Мектепті мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жеке инвестор салып жатыр. Мәжіліс депутаттары, «Nur Otan» фракциясының мүшелері білім ордасының құрылысымен танысты.

Айта кетейік, қаладағы 186 мектепте 250 мыңға жуық бала білім алады. Үш ауысымды мектеп мәселесі әлі де өзекті. Ал, бала саны жыл санап өсіп жатыр.

Ғани Ташқараев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл жекеменшік мектеп. Жекеменшік болғанда ол өз ақшасын құйып жатыр. Біз осындай адамдарды әр уақытта қолдауымыз керек. Қазір қараңызшы, айналасындағы адамдар қуанып жатыр. Инвестиция құйып жатыр. Жолдар мәселесі, су мәселесі қазір көрініп жатыр. Оның бәрін ақылдасып, сөйлесіп шешуге тырысып жатырмыз.