Қатонқарағайда туристік ақпараттық орталық ашылды
Шығыс Қазақстан облысында туристік маусым басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
6 ай қысы бар аймақ үшін жаз қас-қағым сәтте өте шығады. Сондықтан өлкенің тылсым табиғатында демаламын дегендерге асығуға тура келеді. Әсіресе Қатонқарағай ауданы туристерді биыл ерекше жаңалықпен қарсы алғалы отыр. Мұнда заманауи сипаттағы туристік ақпараттық орталық ашылды. Яғни, енді бұл жаққа алғаш келгендер сапарды қайдан бастасақ деп бас қатырмайды.
Қатонқарағайға ат басын алғаш бұрғандарды тығырыққа тірейтін бір жайт бар. Ол – ауданның үлкендігі, түрлі бағыттағы демалыс орындары мен тарихи мекеннің көптігі. Яғни, сапарлап келген адам бір демде саяхатын қай жерден бастарын білмей дал болады. Сөйтіп, онсыз да аз уақытын жол сұрап жоғалтады. Туристік орталық осындай қажеттіліктен ашылды.
Дегенмен орталық қызметкерлеріне жүгінген дұрыс. Қымызды ауыл қай жерде, бал арасымен емделем десеңіз, қайда бару керек, панты өнімнің қандай шипасы бар. Осының бәрін мұндағы мамандар өз ауызымен айтып береді. Шеттен келгендер де шеттетілмейді.
Сәуле Аушинова, «Туристік ақпараттық орталық» қызметкері:
- Бізде шетелдік туристердің келуі де ескерілген, сондықтан қызметкерлеріміз 3 тілде де сөйлей алады, керекті ақпараттарды 3 тілде бере аламыз.
Мекеме есігін ашқандардың алғашқысы – Райым Мауытқан. Өлке туралы көп естіген. Тек демалыс күндерін тиімді әрі пайдалы жоспарлағысы келеді. Сондықтан жөн сұрауды шешіпті.
Райым Маутқан, турист:
- Ары қарай Қатон жаққа барамын, Рахманға, Берел деген тарихи жер бар екен, сол жаққа. Көп қой ол жақта. Сол жақтың бәрін көрем, түсіндірді, сол жаққа барам.
Туристік орталықты Қатонқарағайдың кішкентай бір көшірмесі дерсің. Өйткені осында ауданның қызықты жерлері мен тарихи орындары, Берел қорғанындағы жәдігерлер көшірмесі қойылыпты. Тіпті кішкентай туристерге де жағдай жасалған. Ал Ернат Қабдырахманов болса қонақтарға кәдесыйлардың түр-түрін ұсынады. Қатонқарағайдың брендке айналған балы мен панты өнімдерін, балқарағайын қосып, ерекше бокс әзірлейді. Арасында ағаштан түйін түйіп те таңғалдырады.
Ернат Қабдырахманов, кәсіпкер:
- Қатонқарағай ағашқа бай өлке болып есептеледі. Аудан, көбінесе ағаш фанералардан ойып жасалған қолөнер бізде, Қатонқарағайдың бір бөлшегін емес, бірнеше бөлшегін алып кете алады, әр жағынан қамтамасыз етуге тырысамыз.
Сонымен биыл қатонқарағайлықтар жылдағыдан да көп турист күтіп отыр. 2021 жылы ауданда 70 мың адам, ал былтыр 100 мың адам демалған.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.