30 тамызда самокатқа қатысты жаңа заң күшіне енеді
Шағын электр көлігі құралдары мен самокаттарды пайдалану ережесі бекітілді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жаңа заң 30 тамыздан бастап күшіне енеді. Енді самокат тізгіндейтіндер нені ескеруге тиіс?
Электр самокаттардың, шағын электр көлік құралдары жүргізушілерінің құқықтары мен міндеттері айқындалды. Енді шағын көлік құралын тізгіндеген жандар жол ережесін бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Анар Алтынбекова, ҚР ІІМ Астана қалалық Полиция департаментінің аға инспекторы:
- Жыл басынан бері электр самокат, велоспиед, мопед жүргізушілерінің қатысуымен 50-ден астам жол-көлік оқиғалары орын алды. Электр самокат жүргізушілеріне жол жиегімен шектеусіз жүруге, жаяу жүргіншілерге қауіп төндірмей, сағатына 6 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруге рұқсат етіледі.
Электр самокат жүргізушілері жүк тасымалдау ережелерін де бұзбауы тиіс. Қазір Астана қалалық Полиция департаментінің өкілдері қала тұрғындарына жаңадан қабылданатын заңдағы өзгерістер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Елордада шерингтік компания мүшелерінің ұйымдастыруымен самокат жүргізушілеріне қарапайым жол ережелерін түсіндіретін арнайы шара өтті. Қызығушылық танытып келген тұрғындар самокатпен кедергілерден өтіп, жүргізушілік қабілеттерін шыңдады.
Болатбек Балқыбаев, шерингтік компания өкілі, ұйымдастырушы:
- Бүгінгі жүргізіліп жатқан іс-шара, әлеуметтік жоба, бұл – жүргізу мектебі. Бұл іс-шара тегін, келіп біздің самокаттармен жүруге болады немесе өзіңіздің самокаттарыңызбен келіп үйренуге болады.
Әл-Фараби Серіков, тілші:
- Енді мопед айдасаңыз да, самокат тізгіндесеңіз де арнайы бас киім мен басқа да қорғаныш киімдерін кию міндетті. Әсіресе самокатпен жүрген кезде жылдамдықты қадағалап, жол ережесін сақтау қажет. Бұдан былай 18 жасқа толмаған азаматтарға және кез келген санаттағы жүргізуші куәлігінсіз самокатпен жүруге заңмен тыйым салынады.
Парламент қабырғасында бұл заң жобасы қызу талқыланды. Мәжіліс депутаттары бірқатар бастамалар көтерді. Нәтижесінде ұсынымдар ескеріліп, заңға өзгерістер енді.
Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Электр самокаттармен жолаушыларды тасымалдауға болмайды. Бұл – жеке көлік түрі. Және қазіргі кезде самокат пайдаланушылар санының артқаны сонша, жаяу жүргіншілердің жолы тарылып қалған секілді.
Енді электрлі көлік жүргізушілерінің жауапкершілігі артады. Ереже сақтамағандар заң алдында жауап береді.
Авторлары: Әл-Фараби Серіков, Мұрат Әріпханов, Марат Диқанбаев, Диас Қобыланбаев.