Гемоглобинді қалай көтеруге болады?
Қазір елімізде темір тапшылығы анемиясы диагнозы екінің бірінде кездеседі.
Мамандар мұны дұрыс тамақтану ережелерін ұстанбаумен байланыстырып отыр. Оның емі бар ма? Ағзаға кері әсерін тігізбей, гемоглобинді қалай көтеруге болады?
Тараздық Біржан Қоңыров 2 жасар ұлының бір апта бұрын қызылшамен ауырғанын айтады. Бастапқыда инфекцияны барлық бала секілді қабылдаған. Бірақ бірер күннен соң әлсіреп, жүріп тұруға шамасы келмеді, дейді. Жағдайы нашарлап, ақыры жансақтау бөлімінен бір шығыпты. Жедел сараптама алған дәрігерлер қандағы темір көлемі шамадан тыс төмендеп кеткенін айтқан.
Біржан Қоңыров, қала тұрғыны:
- Ештеңеге қимылдай алмайды, ештеңеге шамасы жетпейді. Көтеріп жүре бер дейді. Біз оны қызылшамен ауырды, ойбай, содан көңіл-күйі болмай жатыр дейміз. Ал бұл сөйтсек, ішіндегі қанға да байланысты екен ғой. Мүлде 47-ге түсіп кетіпті ғой жаңағы гемоглобин темірі. Уақытында больницаға кеп, уақытында көрсетіп білікті мамандарға.
Гематологтар темір тапшылық анемиясы қазір балаларда жиі кездесетінін айтады. Жүктілік кезінде ана ағзасында темір тапшылығы болса, құрсақтағы балада да дамуы мүмкін. Сонымен қоса бір жасқа дейінгі сәбиге қосымша тамақ беру де аталған диагнозға әкелуі ықтимал. Дәрігерлер оны баланың есте сақтау қабілетінің төмендеуіне алып келеді, деп отыр. Сондықтан дер кезінде биохимиялық анализ жасатып емдетпесе, сәбидің бойы өспей қалуы ғажап емес.
Гүлфия Мұқатаева, облыстық балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі:
- Темір препараттарын бірінші дәрежесінде 1 ай көлемінде ішеді. Екінші, үшінші дәрежесінде темір препараттарын біз тағайындаймыз 2-3 айға. Терісі бозғылт болып содан кейін тырнақтары сынғыш болып жатса шаштары түскіш болып жатса учаскелік дәрігеріне апарып қан анализін тапсырып сосын биохимиялық анализді сол жерден темір мен феретиннің мөлшерін анықтап.
Ал астаналық Сая Артықованың жасы 31-де. Соңғы жылдары өзін әлсіз әрі жайсыз сезініп жүрген. Бұлай жалғаса беруін қаламаған ол, дәрігердің қабылдауына барады. Нәтижесінде қандағы гемоглобиннің төмендеп кеткені белгілі болған.
Сая Артықова, қала тұрғыны:
- Көбіне ақ халаттыларға барып тексерілу шараларын кейінге қалдырып жатамыз. Негізі ол дұрыс емес. Маған дәрігер диагнозыма қарап, дұрыс тамақтану керектігін айтты. Арнайы диета ережесін түсіндіріп берді. Құрамында темір препараттары бар бірнеше биологиялық белсенді қоспаларды ішуге кеңес берді.
Биологиялық белсенду қоспалар демекші, оны тек дәрігердің рұқсатымен ғана ішуге кеңес беріледі. Мысалы ағзада темір алмасу процесі бұзылған адамдарға бұл препараттарды тұтыну - бауыр циррозына немесе қант диабетіне әкелуі мүмкін, дейді мамандар.
Айжан Нұрғалиева, дәрігер-гематолог:
- Биологиялық белсенді қоспаларды тұтынуға кеңес берілмейді. Себебі оны ретсіз пайдаланса, түрлі ауруларға әкеліп соғады. Сондықтан оны негізгі тағайындалатын дәрілер қатарына жатқыза алмаймыз. Олардың құрамында тек темір емес, кальций, магний секілді көптеген микроэлемент бар. Ал ол организмге түссе, онда темірдің адам бойына сіңуіне кедергі болады.
Альмира Оразбай, тілші:
- Елімізде темір тапшылығы анемиясына шалдыққандар саны күрт өсіп жатыр. Қазір ересектерді санамағанда, балалардың 100 мыңннан астамы есепте тұр. Сондықтан мамандар тұрғындарды жыл сайын толық медициналық тексеруден өтіп тұруға шақырады.
Альмира Оразбай