Жеке сот орындаушысының қызметін робот атқаруы мүмкін
Енді жеке сот орындаушыларының қызметін робот атқаруы мүмкін.
Мұндай жеңілдетілген жүйе борышкерлердің ақшасын үнемдеуге бағытталған. Жоба әзірге Тараз қаласында пилоттық режимде жүзеге асуда. Егер ол жақсы нәтиже көрсетсе, елдің барлық өңірінде іске қосылады.
Елде технологиялар қарқынды дамып жатыр. Бұл тұста Әділет министрлігі «қызмет көрсетуді цифрландыру» бағытында жүйелі жұмыс істеп келеді. Мәселен жеке сот орындаушыларының қызметін жаңа автоматтандырылған жүйеге жүктелді. Ол арқалаған айыппұлын төлемей жүргендер туралы мәлімет жинап, хабарлама жібереді.
Бекболат Молдабеков, ҚР Әділет вице-министрі:
- Азаматтарымыз штрафқа түсетін болса 50 күннен асып кетсе мысалы СМС келеді. Робот қандай жұмыс жасайды? Сіз мысалы 50 күн үлгермей қалдыңыз, уақытыңыз болмай, төлеген жоқсыз. Енді біз тағы 5 күн алдық қосымша. Сол күн ішінде робот толықтай тағы да СМС жібереді. Ақша үнемдейтін болады халқымыз және уақытын үнемдейтін болады. Сот орындаушының артынан жүгірмейді, іздемейді.
Бұған дейін жеке сот орындаушылары борышкерлерден 25 пайызға дейін комиссия өндіріп алатын. Ал пилоттық жоба қазір сот орындаушысының қызметіне ақы төлеуге және қосымша қаржылық шығындарды азайтуға мүмкіндік беріп отыр. Алғашқы екі күннің өзінде робот 85 азаматқа хабарлама жіберген. Сарапшылардың айтуынша жобаның ел тұрғындары үшін тиімді тұсы көп.
Әнуар Нұртазин, экономист:
- Жеке сот орындашыларының өндіріп алатын пайыздық мөлшерлемесі өте жоғары. 5, 20, 25 пайыз деген көп. Сондықтан жобаның тиімділігі борышкерлердің ақша үнемдейтінінде. Мұны әрі қарай дамыту қажет деп ойлаймын. Себебі сот орындаушылары азаматтардың банк шоттары мен карталарын бұғаттап тастайды. Яғни оларға шамадан тыс өкілеттілік беріліп қойған. Ал автоматтық жүйе барлық туындаған мәселені шешуі тиіс.
Пилоттық жоба сәтті жүзеге асса, елдің барлық өңірінде іске қосылады. Айта кетсек, бүгінгі күні елде 2 мың жеке сот орындаушысы жұмыс істейді. Айыппұл төлемеген миллионға жуық азамат ел аумағынан шығу құқығынан айырылған. Ал жалпы 40 миллионнан астам есепшот бұғатталып тұр.
Альмира Оразбай, Наурызбай Құрманғазы