«Жылу жинау» дәстүрін білесіз бе?
Бірлігіміздің жарасқаны шығар, ел басына күн туғанда ел азаматтары етігімен су кешіп жүр.
Тасқынға тап болған жұрттың жанайқайы жүрегімізді ауыртқанымен көмекке келгендер көп. «Жылу жинау» дәстүрінің ұмыт болмағанының көрінісі бұл.
Сауабы мол істің бірі – «Жылу жинау» дәстүрі. Бұл дегеніміз - шаңырағы шайқалып, қолындағы дүниесінен, қорасындағы малынан көз жазып қалған жұрттың жағдайын жасап беру. Ел азаматтары күндіз-түні дамыл таппай көмек қолын созып, қолындағы барымен бөліскен.
Қалдыбек Құрманәлі, композитор:
- Жылу жинау - басымызға келген ауыртпашылықты жеңу. Жеңе алатындығымызда. Қазақ халқының осындай қиындықтарды жеңетіндігінің айғағының бірі. Мұнда бауырмашылық жатыр, қазақ халқының дархандығы жатыр.
Қазақтың ынтымағын көрсетіп, бірлікке бастайтын, жанашырлық танытатын «Жылу жинау» дәстүрі Тәуке ханның тұсында қабылданған. Сөйтіп «Жеті жарғы» заңына енгізілген. Жылу жинауды, табиғат апатына тап болған жандарға көмектесуді – халыққа сөзі өтімді ел ағалары ұйымдастырған.
Болат Бопайұлы, жазушы-этнограф:
- Бұрынғы дәстүрдің бүгінге сабақтасқан жақсы жемісі. Кезінде жалпы халықтың емес, бір адамның үйі құлап қалса да соған ауылдың ақсақалдары болып, ауылдың байлары болып, сол кездегі белсенді азаматтар болып, қолдап көмектесетін. Сондықтан қоғамда қайыршының болмауы, жетімнің қаңғып, жесірдің жыламауы осы ұлы дәстүрдің, тамаша дәстүріміздің жемісі деп қарауымызға болады.
Қалдыбек Құрманәлі, композитор:
- Жылу жинау деген дәстүр бұл енді жанашырлықты білдіреді. Біз өзі қазақ деген өзінде жоқ болса да қолындағы барымен көмектесетін елміз ғой. Кешеден бері байқап жатырмыз, қаншама адам қолдарынан келгенше ақшаларын жинап, ішінде өнер адамдары да бар, басқа саланың адамдары да бар, барлығы қазақ болып, қазақстандық болып жиналып жатыр.
Жылу жинау – әлі де ұмыт болмаған ұлттық дәстүр. Су тасқынынан зардап шеккен ағайынға Алаш жұрты жақсылық жасап жарысуда. Тіпті Атырау, Орал, Ақтөбедегі су тасқынына Қырғызстан, Әзербайжан мемлекеттері де көмек қолын созып жатыр.
Асантемір Қаршығаұлы, Ернар Жақсыбаев, 24.KZ