Қазақ қызы Солтүстік полюсті жүзіп өтпек
Оралдық Әнел Сытдықова Антарктиданы жүзіп өтті, деп хабарлайды 24kz.
Қазақтың қайсар қызы температурасы -1,5 градус болатын мұздай суда 750 метрді небәрі 18 минутта еңсерген. Әнелдің кәсіби спортпен шұғылданғанына небәрі 10 жыл болған.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Бүгінде Англияның Оксфорд қаласында тұратын Әнел Сытдықова Жаңа жылды әркез туған жері Оралда қарсы алады. Биыл да сол дәстүрден айнымады. Бірақ биыл Әнелді әуежайда ата-анасы ғана емес, ондаған спорт жанкүйерлері күтіп алды. Оған басты себеп – 46 жастағы қайсар қыздың жуырда Антарктидада 750 метрді жүзіп өтуі.
Қаймен Есендияров, спорт ардагері:
- Ла-Манш, 20 көпір және Каталина бұғазын жүзіп өткен адамдарға әлемнің 3 тәж ханшайымы атағы беріледі. Сол клубқа Әнел қарындасымыз енді. Онымен әрі қарай спорттық деңгейін жалғастырып, күні кеше қараша айында Антарктидада 13 ең мықты әйел-ерлер қатысқан марафонға қатысып, тек қазақ емес, әлемнің ең мықтылардың бірі деп есептеуге болады.
Әнел Сытдықова Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданы Атамекен ауылында дүниеге келіпті. Әкесінің сөзінше, бала кезден өжет боп өскен. Спортпен шындап шұғылдануды да 35 жасында ғана бастапты. Ашық суда жүзгеніне 10 жыл болса, қысқы жүзумен айналысқанына тек 5 жыл екен.
Әлібек Сытдықов, Әнелдің әкесі:
- Кеше Солтүстік Ирландияға, онда су 10 градус, соған 3 рет дайындалып, екі рет өте алмай қалды. Онда 34 шақырым. Былай айтқанда, 20 сағаттай жүзу керек. Бірақ су 10 градус. Мен қанша айттым: «қойсаңшы, нетсейші, балаларың бар», - деп. «Жоқ, тағы көрем», - дейді. Енді тағы да үшінші рет болар. Қазір Оксфордта тұрып жатыр. Үш баласы бар. Екеуі егіз. Күйеу бала немерелеріммен сонда.
Әнел Сытдықова – триатлоннан Қазақстанның тұңғыш темір ханшайымы. 2019 жылы Англия мен Франция арасындағы 34 шақырымдық Ла-Манш бұғазын 15 сағатта гидрокостюмсіз жүзіп өтсе, 22 жылы Манхеттен көпірлерін айналып, 48 шақырымды артқа тастаған. Сол жылы 34 шақырымдық Каталина бұғазын бағындырған.
Әнел Сытдықова, жүзгіш-марафоншы:
- Салқын суда жүзу қиын. Қиын ғана емес қауіпті, егер тәжірибең болмаса. Өйткені мұхитта түн ішінде небір жыртқыш балықтар қасыңнан өтіп жатады. Сезіп бара жатасың. Толқындар қандай? Айсбергтер кездеседі. Мұздай суда аяқ қолың құрысып та қалуы мүмкін. Бірақ қыста суға түскеннен кейін мықты күш, энергия сезінесің. Мен бала кезде бассейнге бармадым. Жүзумен соңғы кезде ғана шындап шұғылдандым. Англияда ашық суда жыл бойы жүзуге мүмкіндік мол.
Әнел туған жерінде де шынығуын тоқтатпады. Үш күн бойы қалалық саябаққа келіп, ақ қар, көк мұзда Шағанға шомылды. Атағы жер жарған жерлестерін іздеп келгендер де аз емес.
Мұрат Қуанышқалиев, қала тұрғыны:
- Антарктида деген сөздің өзі қорқынышты ғой. Соған қарамастан, күшті бір нәтиже көрсетіп жатыр әлем бойынша. Жақсы бір кеңестер айтады деп ойлаймын. Себебі біз білмей түсіп жатырмыз суға. Бірақ денсаулығымызға зиян келтірмеу үшін, дұрыс жүзу үшін Әнелден кеңес алуға келдім.
Қазақтың қайсар қызы келешекте Солтүстік полюсті бағындыруды жоспарлап қойған.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов, Э.Аюпов