Сенаторлар ДДСҰ-мен келісімді ратификациялады
Құжат ұлттық денсаулық сақтау жүйесін халықаралық стандарттарға сай дамытуға мүмкіндік береді.
Ынтымақтастық аясында елімізге жоғары технологиялық медициналық қызметтер енгізіледі. Мамандарды дайындауға көңіл бөлінеді, әрине тәжірибе алмасу да жолға қойылмақ. Сенат спикері жаһандық маңызы зор ұйыммен жасалған келісім отандық медицинаны дамытуға оң әсерін тигізетініне сенім білдірді. Еске салайық, еліміз 1992 жылдан бері дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
-Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаһандық маңызы зор, беделді халықаралық институттардың бірі. Бүгін мақұлданған заң Қазақстан Республикасы мен осы Ұйым арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайта түседі. Сондай-ақ Еуропалық өңірлік комитетінің сессиясында қабылданған шешімдер отандық медицина саласының дамуына да оң әсерін тигізеді деп сенеміз.
Заңға өзгерістер қажет
Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев медицина қызметкерлерін қолдауға бағытталған заң мен бағдарламаларға өзгеріс енгізуді ұсынды. Саланы қаржыландыру көрсеткіші жақсарып жатыр. Жалақы жыл сайын 20-30 пайызға өсіп келеді. Дегенмен маман тапшылығы өзектілігін жойған жоқ. Төраға құзырлы министрліктің осы бағыттағы бастамаларын қолдайтынын жеткізді.