Солтүстіке қызылшаға қарсы вакциналау басталады
Солтүстік Қазақстан облысында қызылша өрши бастады.
Эпидемиолог мамандардың мәліметінше 28 адам вирус жұқтырған. Петропавл қаласында 22, Мағжан Жұмабаев ауданында 2, Аққайың, Қызылжар, Мамлют пен Жамбыл аудандарында 1 жағдайдан тіркелген. Науқастардың дені 14 жасқа толмаған балалар. Былтыр облыста бұл инфекция мүлде тіркелмеген. Мамандар келесі аптадан бастап жаппай иммундау науқанын бастайды. Облысқа қосымша 30 мың вакцина сатып алынады. Жергілікті бюджеттен 93 миллион теңгеден астам қаржы бөлінеді.
Құмар Күсемісов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Облысымызда екпе салу үшін 91 арнайы бригада жасақталды. Бұл шаруаларға мыңнан астам медицина қызметкері жұмылдырылады. Олар арнайы оқытылды. Келер аптадан бастап алты мен он бір айлық балаларға вакцина сала бастаймыз. Ал 2 және 5 жастағы балаларды иммундау желтоқсанда басталады. Себебі қосымша вакцина өңірге келесі айда жеткізіледі.