Келесі жылдан бастап оқушы қыздарға вакцина салынуы мүмкін
Келесі жылдан бастап оқушыларға жатыр мойны обырына қарсы екпе салынуы мүмкін.
Вакцина ата-аналардың рұқсатымен 11 жасқа толған қыздарға жасалады. Денсаулық сақтау министрлігі 2024 жылы 175 мың 901 дана екпе сатып алуға қазірден бастап келіссөз жүргізіп жатыр.
Жыл сайын елде орта есеппен 600 әйел жатыр мойны обырынан көз жұмады. Науқастардың көбі қатерлі ісік 3-4-сатыға өтіп кеткен соң келеді. Мұндай жағдайда химия терапиясы арқылы пациенттің өмірін ұзарту шаралары ғана жүргізіледі. Өкінішке қарай, дерттің бұл түрі жасарып барады. Басты себептерінің бірі – ерте жастан жыныстық қатынасқа түсу, дейді мамандар. Осыған байланысты келер жылы күз айларында қыз балаларға 11 жасынан бастап ата-анасының рұқсатымен екпе салу жұмыстары жүргізілуі мүмкін.
Жоспар бойынша медициналық науқан 2024 жылдың қыркүйек айында басталады. Бұл мақсатта екпенің 176 мың дозасы сатып алынады. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері ұсынған дерек осындай. Жалпы вакцинация арқылы аурудың алдын алу шаралары көрші Қырғызстанда 2022 жылы, ал Өзбекстанда 2019 жылы енгізілді. Бірақ мамандардың айтуынша, ерікті түрде екпе алудың нәтижесі тек 10-15 жылдан кейін белгілі болмақ.
Әділ Досымбетов, Қарақалпақстан республикасы Нөкіс қаласының эпидемиолог маманы:
- Қазіргі күнде әр жылы тек Қарақалпақстан Республикасында 20 мың шамасында 9 жастағы қыз балаларды шаншып жатырмыз. Бұл шаншулардан кейін ешқандай жағымсыз жаман жағдайлар ұшырасқан жоқ. Нәтижесі уақыт өткеннен кейін белгілі болады. Қыздарымыз 40-50 жасқа шыққан уақытында нәтижесін береді.
Айгүл Болатқызы – аты жаман ауруды жеңген жандардың бірі. Қуанышына орай, ол дерті асқынбай тұрған кезде тиісті ем-домын қабылдап үлгерген. Қыз-келіншектер қауымын уақтылы медициналық тексеруден өтіп тұруға шақырды.
Айгүл Болатқызы, қала тұрғыны:
- Мен аурудың алғашқы сатысында анықтадым. Бірақ іштей мойындай алмай, дәрігерлердің айтқанына сенбей ұзақ жүріп, уақыт жоғалтып алдым. Маған операция жасап жатқан кезде дерт екінші сатыға өтудің алдында тұрды. Бірінші кезекте құдайға, екіншіден медицина мамандарына айтар алғысым шексіз. "Қазақстанда емделдім" деп мақтанышпен айта аламын.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сәйкес, адам папилломасы вирусына қарсы екпе алу әлемнің 125 елінің тәжірибесінде бар. Қазақстанда бұл шараның кешеуілдеп қалуына ата-аналардың өз баласы үшін алаңдауы мен науқанның қауіпсіздігіне күмәнмен қарауы себеп болды, дейді мамандар.
Нұршай Әзімбаева, ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті басқармасының басшысы:
- Осы вакцинацияны енгізу Қазақстанда 2012-2013 жылдары көтерілді. Бірақ вакцинация сол кезде тоқтап қалды. Өйткені көптеген адам, ата-аналар өз балаларын, қыздарын осы инфекцияға қарсы егуден бас тартты. Адам папилломасы вирусы терінің және шырышты қабақтың бір-біріне жанасуынан жұғатын инфекция болғандықтан бұған аса мән берген жөн.
Айта кетейік, шара Назарбаев Университетінің Медицина мектебінде 2 күнге жалғасты. Оған Денсаулық сақтау министрлігі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілдігі және Еуропалық Одақ делегациясы ұйытқы болды.
Мирлан Алтынбек, Мұрат Әріпханов, Дәулет Кибраев, «Хабар-24».