Қазақстанда 17 мың адам қызылша жұқтырған
Басым бөлігі балалар.
Дертке шалдыққан жеткіншектердің 83 пайызы вакцина алмаған. Ал жансақтау бөлімінде 1 жасқа толмаған 15 бала жатыр. Дәрігерлердің сөзінше, олардың жағдайы ауыр. Дертпен күресудің жалғыз жолы бар. Ол – екпе алу. Қазір елде осы қызылшамен күресу үшін 6 және 11 ай арасындағы балаларды қосымша иммундау шарасы жүріп жатыр. Ол үшін 1,5 млн доза вакцина сатып алынған. Желтоқсан айында дәрігерлер ересек адамдарға да екпе егу науқанын бастайтын болады. Айта кету керек, вакцина алу ерікті түрде жүреді. Дегенмен, ине салдыруға қарсылық танытатындар көп - дейді, мамандар.
Эльмира Зияданова, №10 қалалық емхананың бөлімше меңгерушісі:
- Жоспар бойынша 326 бала егілу қажет. Қазіргі күні 272 бала екпе алды. Ол 79 пайызды құрайды. Күніне 15-20 баладай келіп екпе алып жатыр. Бірақ та ата-аналардың екпеге сенбеуінен, өзіндік ойлары бойынша, қазір екпеге қатысы дәлелденбеген көптеген мәліметтер бар. Сол бойынша көбі қарсы, екпе алуға қарсы.