2024 жылы папиллома вирусына қарсы екпе егу басталады
Келер жылы 175 мың жасөспірім қыз "адам папиллома вирусына" қарсы егіледі.
Вакциналау ұлттық екпе кестесіне енгізілді. Бұл туралы бүгін денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Екпе екі кезеңнен тұрады. Біріншісі қыз бала 11 жасқа толғанда, екіншісі бір жылдан кейін жасалады. Вакциналау ата-анасының рұқсатымен ғана жүргізіледі. "Адам папиллома вирусы" жатыр мойны қатерлі ісігін тудыратын қоздырғыш. Сондықтан әлемнің 130-ға жуық мемлекетінде осы вирусқа қарсы екпе тұрақты түрде жүргізіледі. Соның ішінде Грузия, Түркіменстан, Армения, Өзбекстан және Қырғызстан елдері бар. Ал бізде 2013-2015 жылдары Астана, Ақтөбе, Павлодар, Алматы өңірлерінде пилоттық бағдарлама енгізіліп, вакцина салынды. Сол кезеңде 17 мыңнан астам қыз балаға бірінші дозасы енгізілді. Вакциналауды толық, яғни екі бөлігін 11 мыңнан астам қыз бала қабылдады. "10 жылдан кейін пилоттық жоба оң нәтиже берді" дейді мамандар.
Толқын Садықова, ҚР Ғылыми зерттеу институтының жоғары санаттағы онкогинекологы:
- Бізде 11 жастағы қыз балалар екі дозалы 4 валентті гардасил вакцинасын енгізу осы 2024 жылдан бастап енгізіледі. 11 жастан бастап қабылдайды мектепте. Ұйымдастыру жұмыстары жүргізіледі, түсіндіреді. Тегін. Екінші дозасы 12 айдан кейін. Он жыл ішінде Еуропада дамыған елдерде өз нәтижелерін берді. Ешқандай бедеулік әкелген жоқ. Вирус организмге енгенге дейін жасағанымыз дұрыс. Өйткені бала жыныстық қатынасқа түскенге дейін жасасақ, денесінде антиденелер пайда болады.
Сиддарта Датта, ДДСҰ Еуропалық аймақтық бюросы, денсаулық сақтауды сақтандыру бағдарламалары бөлімінің аймақтық кеңесші:
- Қазақстан Үкіметінің жатыр мойны қатерлі ісігіне қатысты проблеманы мойындап, вакциналауға дайындық жүргізіп жатқанына алғыс білдіреміз. Қазір бұл дертпен күресте, адам папиллома вирусына қарсы екпе жасау өте маңызды. Осы науқан барысында барлық ақпарат халыққа қолжетімді болу керек. Егер ата-аналарда немесе баланың жақындарында сұрақ туындаса, дәрігерлер мен медицицна мамандары оған жауап беріп, жүйелі жұмыс жүргізгені абзал. Мысалы Австралияда адам папиллома вирусына қарсы екпе 20 жыл бұрын басталды. Содан бері ол өңірде туған бірде бір әйелде жатыр мойны қатерлі ісігі анықталған жоқ.