Түркістан облысында ерекше балаларды оңалтудың тың әдісі енгізілді
Түркістан облысында аутизм белгісі және жүйке жүйесінде ауытқуы бар балаларды оңалтудың ерекше әдісі енгізілді.
Созақ ауданында сумен сауықтыру терапиясы қолданылады. Аудан тұрғынының жобасы мемлекеттік бағдарлама арқылы қаржыландырылды.
Арнайы дайындық курсынан өткен Әлішер Отаров церебралды сал ауруына шалдыққан балалар мен бойында аутизм белгісі бар жеткіншектерді емдеудің ерекше әдісін ұсынды. Айтуынша сумен сауықтыру тәсілін неғұрлым ерте қолға алса, нәтижесі де соғұрлым жақсы болады,-дейді. Қазір өз ісін бастап, ауылдықтарға медициналық қызмет көрсетіп отыр.
Әлішер Отаров, медицина маманы:
- Әрине өзгеріс болады. Егер де ол балаға ДЦП диагнозы қойылып, өздігінен тұра алмайтын болса, өздігінен аунап, қалаған затын ұстай алмайтын болса, осы гидротерапия арқылы бір саты болса да көтеріле алады. Бұны қабылдай келе қалыпты адамдар секілді өмір сүруіне әсер етеді.
Ауыл тұрғыны Жансая Ахатаева үшінші перзентін сумен оңалту терапиясына тұрақты түрде әкеледі. Емдеудің екі курсын бұған дейін Астанаға арнайы барып қабылдаған. Енді алысқа сабылмай, жергілікті жерде жалғастырып жатыр. Нәтижесі де жаман емес,-дейді. Жастан енді асқан баласы артық салмақтан арылып, қозғалуы да қалыпқа келе бастапты.
Жансая Ахатаева, Шолаққорған ауылының тұрғыны:
- Көп жерде жоқ бұл. Осы Шолаққорғанда ашылғанына қуандық. Біз Астанаға барып, қабылдап келгенбіз негізі. Ұнап жатыр. Массажы да, гидромассажы да бәрі жақсы, керемет. Аяқ-қолы босаңсып, кішкене болса да еңбектей бастады.
Жас маманның айтуынша жүйке-жүйесінде ауытқуы бар балалар қатары артып келеді. Оған өмір салты мен тамақтану тәртібінің бұзылуы себеп дейді. Созақ ауданы бойынша церебралды сал ауруына шалдыққан 52 бала есепте тұр. Ал оларды оңалту үшін отандық медицинада заманауи әдістерді қолданған дұрыс.
Әлішер Отаров, медицина маманы:
- Біздің Қазақстанға енді ғана тәй-тәй басып келе жатқан салалардың бірі. Көптеген дәрігерлердің өзі бұл саланы әзірге түсіне бермейді. Тек неврологиялық ауытқуы бар адамдар ғана емес сонымен қатар дені сау балалар да профилактика есебінде алуға болады.
Биыл Созақ ауданында 19 адамға мемлекеттік бағдарлама бойынша жеңілдетілген пайызбен 77 млн теңге қаражат берілді. Сала мамандарының сөзінше жобаға қатысуға ынталы жастар көп. Алайда құжат түгендеп, қажетті шарттарды орындау кезінде кедергілер бар.
Елдос Дәулетбаев, Созақ аудандық "Мансап" орталығының директоры:
- Жалпы несиелендіру үшін бірінші кезекте кепілге тұрғын үй қойылады. Осыған байланысты көбісінің құжаттары бар кедергі тудырып жатқан. Одан бөлек үйдің жоғары бағаланбауына байланысты. Кейін осымен бірге «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Біршама жастарымыз осы шаруашылықты дамыту мақсатында ол жақта да «Ауыл аманаты» жобасында бар.
Ал Әлішер Отаров ерекше балаларға көмектесу үшін жедел жәрдемдегі жұмысынан бас тартуға тура келгенін айтады. Өйткені туған қарындасының созылмалы дертіне дауа іздеген кезде, білікті маманның тапшы екенін біліпті. Сондықтан ауруды ерте анықтау мен алдын-алудың маңызды екенін айтады.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов