Сексеуіл кентінде аурухана құрылысы бес жылдан бері аяқталмай тұр
Арал ауданындағы аурухана құрылысы бес жылдан бері бітер емес.
Сексеуіл кентіндегі 40 орындық емдеу мекемесі бір емес, бірнеше мердігерге өткен. Құрылысы аяқсыз қалған нысан қазір қаңырап тұр. Аурухана қашан пайдалануға беріледі? Сыр өңіріндегі тілшіміз Қамбар Бекенов осы сауалдың жауабын іздеп көрді.
Қамбар Бекенов, тілші:
-12 мың тұрғыны бар Сексеуіл кентіндегі жаңа аурухананың іргетасы 2019 жылы қаланды. 782 миллион теңгеге салынуы тиіс нысан 2 жылда пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бірақ көріп тұрғандарыңыздай жұмыс тоқтап тұр, құрылыс алаңы қараусыз қалған. Біз келгенде тіпті күзетшінің өзі болмай шықты. Ал қалың бұқара болса медициналық мекеменің ашылуын тағатсыздана күтіп жүр.
Сағидолла Рахманов, Сексеуіл кентінің тұрғыны:
- Кішкене ауырсақ Аралға барамыз жедел жәрдеммен. Орын жоқ болып қалады, температура көтеріліп талай бардық скорыймен сүйретіліп. Жарты жолда құлап та қалдық. Аурухана жанынан мектеп салыну керек. Вокзал салу керек. Қашан ақша бөлінетінін білмеймін. Сосын бірталай көше асфальттанбаған.
Дәулет Сейітмұратов, Сексеуіл кентінің тұрғыны:
- Биыл бітеді деген ауруханамыз бітпей жатыр. Өзім көпбалалы әкемін, 6 балам бар. Жедел жәрдеммен тасымалдау үшін Аралға дейін толық апармайды. Жарты жолдан бір-бірін күтіп тұрады. Оған дейін адамдардың жаны қиналып бара жатады.
Құрылыс басқармасының мамандары 3 жылда 180 миллион теңгені ғана игерген мердігермен келісімді бұзып, аурухананы аяқтау басқа мекемеге жүктелгенімен жұмыстың жүрмей тұрғанын айтады. Соттасып, қайта тендер жариялап жүргенде құрылыс материалдары қымбаттап кеткен.
Ерлан Төрәлиев, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:
- Басында әзірленген смета ол 2016 жылдың бағасымен әзірленген. Мысалы, ескі сметада кафель 900 тг, есік 8000 тг болып тұр. Ал қазіргі жаңа сметада есік кемінде 30 мың тг, кафель 2 мың теңге. Жобаны біз қайтадан түзетуден өткіземіз. Кейбір бөлмелерді алып тастаймыз, біріктіреміз. Нысанның құнын азайтып, келесі жылы жазға таман толық аяқтап, пайдалануға береміз.
Сексеуілдегі ауруханадан өзге облыста 2 мектеп, мәдениет үйі және спорт кешенінің құрылысы уақтынан созылып кеткен. Әкімдіктегілер соңғы 4 нысанды жыл аяғына дейін ел игілігіне беруге бар күш жұмсалып жатыр дейді.
Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев