Отандық мамандар тағы бір дәрі жасап шығарды
Елде жаңа «фтор-допа» препараты өндірілді. Осылайша радио-фармацевтикалық дәрі-дәрмектердің қатары толықты.
Ол күрделі нейроэндокринді онкологиялық патологияларды диагностикалауға мүмкіндік береді.
Елде онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім азаяр емес. Статистика да көңіл көншітпейді. Жыл сайын аты жаман кеселден 13 мыңға жуық адам қайтыс болады. Оның себебі, көбіне патологияның уақытылы анықталмауынан екен.
Бұл тұрғыда отандық мамандар радиофармацевтикалық дәрі-дәрмектерді жасап шығарды. Олар күрделі нейроэндокриндік ауруларды ерте анықтап, уақытында диагностикалауға мүмкіндік береді. Бұған дейін үш препарат қолданысқа енгізілсе, енді төртіншісі – « фтор-допа» препараты өндіріліп отыр.
Гаухар Сарбасова, ядролық медицина орталығының радиохимик-технологы:
- Төртінші препаратты өндіру кезінде түрлі химиялық элементті қостық. Оның құрамында фтордан бөлек амин қышқылы болуы керек. Яғни амин қышқылы негізінде жасалған дәрі. Себебі ол адам бойындағы қатерлі ісік пайда болған жерге жиналады. Осылайша біз препаратты тұтынған науқасты тексерістен өткізіп, ауруды бірден анықтай аламыз.
Жаңа препарат валидациялық шаралардың барлық кезеңінен сәтті өткен. Бүгінде ол қолданысқа енгізіліп отыр.
Айгүл Сәдуақасова, ядролық медицина орталығының басшысы:
- Препараттарды жасап шығару оңай шаруа емес. Дәріні халықаралық стандартқа сай енгізу үшін бір жыл уақыт керек. Бұған дейін біз «фтор-дезокси-глюкоза», «натрий фторид» пен «көміртек метионинін» өндіріп шығардық. Қазір науқастар оны тұтынады. Енді міне төртінші препарат – «фтор допаны» жасап шығардық. Бұл еліміз үшін үлкен жетістік.
Мақсат Жайынбаев, ядролық медицина орталығының радиоизотоптық диагностика дәрігері:
- Ядролық медицина орталығы 2 бөлімнен тұрады. Циклотронды өндірістік комплекс – онда радиопрепараттар жасап шығарылады. Сондай-ақ ол жерде ядролық физика, химиктердің, фармацевтердің жұмысының арқасында. Осы бөлімшеде радифарм препарат қолдану арқылы біз зерттеулер жүргіземіз. Ол зерттеу емдік мақсатта емес, тек диагностикалық мақсатта жүргізіледі.
Радиофармацевтикалық препараттар – ақ халаттылардың жылдар бойы жасаған еңбегінің нәтижесі. Олар мұнымен тоқтап қалмаймыз дейді. Мамандар 2026 жылдың соңына дейін тағы 6 радиофармпрепарат өндіруді жолға қойып отыр.
Альмира Оразбай, Диас Ковланбаев, «24.KZ»