Жүрегі тоқтап қалу қаупі жоғары науқасты емдеудің тың әдісі енгізілді
Түркістан облысындағы ауруханалар ангиограф аппаратымен толықты.
Осылайша жүрегі кенеттен тоқтап қалу қаупі жоғары науқастарға операция жасаудың инновациялық әдісі енгізілді. Бұрын үлкен қалаларда жасалатын мұндай күрделі операциялар енді жергілікті жерде жүзеге асады.
Түркістан облысында алғаш рет жүректің кенеттен тоқтап қалу қаупі жоғары науқасқа «Диталациялық кардиомиопатия, жүрек ырғағының бұзылуы, жүрек ортасы фибрилляциясы, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі» диагнозымен операция жасалды. Мастер класс Түркістан қалалық орталық ауруханасының базасында стационардың интервенциялық кардиология бөлімшесінің меңгерушісі Бекзат Усмановтың жетекшілігімен сәтті өтті. Кардиохируг 62 жастағы ер адамның кеуде қуысының үстіңгі жағындағы тері астына кардиовертер-дефибриллятор орнатты.
Бекзат Усманов, интервенциялық кардиология бөлімшесінің меңгерушісі:
- Электрондық антиаритмиялық құрылғы жүрек ырғағын басқаруға арналған күрделі компьютер. Ол жүректің ырғақ қалпына келтіріп, бақылауда ұстайды. Кардиовертер-дефибрилляторын имплантаттау - өмірге қауіп төндіретін жүрек соғысының ұстамасы бар науқасты кенеттен аритмиялық өлімнен қауіпсіз қорғаудың және оның өмірін ұзартудың жалғыз жолы.
Бұл күрделі операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін жүргізілді. Науқас қазір интервенциялық кардиология бөлімшесінде ем алып жатқандықтан тілдесу мүмкін болмады. Есесіне, жақында ғана қан тамырларын ашу үшін ангиограф аппаратының көмегімен жүрегіне стент қойдырған 75 жастағы Өлмес апаның жағдайын білдік. Операция қан тамыры арқылы жасалған.
Өлмес Анарбаева, Қызылорда облысының тұрғыны:
- Көзім ашық жатты. Денем бәрін сезіп жаттым. Операцияның бәрін біліп жаттым. Ұйықтаған жоқпын. Әйтеуір жүрегімізді орнына келтіріп, жақсы демалып, жақсы жүріп жатырмын. Өзімді жақсы сезініп, еш жерім ауырмайды.
Интервентті кардиолог, ангиохирург, аритмолог Бекзат Усманов «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Әлемнің бірнеше елінде тағлымдамадын өтіп, тәжірибе жинаған білікті дәрігер. Түркістанға өткен жылы Астанадағы Ұлттық ғылыми медициналық орталығынан ауысып келген. Сондай-ақ қалалық ауруханадағы ангиограф аппаратының тілін жетік білетін де өзі.
Бекзат Усманов, интервенциялық кардиология бөлімшесінің меңгерушісі:
- Ангиограф – ол әмбебап. Қан тамырларынан басқа травмотологияда да қолданады. Артипедияда қолданады. Жүректен басқа миға да керек. Әйелдердің матка ауруларына да керек. Аяқ қан тамырлары бітелген кезде де керек. Осы ангиограф арқылы бәрін көріп, жедел көмек көрсететін кезде ең керекті аппарат. Қазіргі таңда біз 300-дей операция жасадық. Жүрек қан тамырлары, ми қан тамырларына да операция жасап қойдық. Жүрек ырғағының бұзуларына жоғары технологиямен осында жасалып жатыр.
Бекзат тек қалалық аруханада ғана емес, керек кезінде ангиограф аппараты бар аудандық ауруханаларға да барып, шеберлік сабағын өткізеді. Өзінің білген-түйгенін жергілікті жердегі дәрігерлермен бөліседі. Жақында ғана Ордабасы аудандық орталық ауруханасында ангиограф аппаратымен Ұлыбританиядан және облыстан келген білікті мамандардың қатысуымен жергілікті дәрігерлерге шеберлік сыныбы аясында кардиологиялық 2, неврологиялық, хирургиялық 4 операция жасалды. Ерекшелігі, операция тамырдың ішінде жабық түрде жасалады.
Бауыржан Сатыбалды, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазіргі мастер-класс өткізілген операциялардың барлығын біздің мамандар толық игеріп, игілігін халық көретін болады. Облысымызда 500 орындық үлкен аурухана салынып жатыр Түркістан қаласында. Сол жерде үлкен кордиологиялық орталық болады. Мамандарды тарту мақсатында облыс әкімімен грант бөлінген. 38 маман еліміздегі мемлекеттік медициналық уни-де білім алуда. Олар біткен соң осы жерге келіп қызмет ететін болады.
Облыстағы денсаулық сақтау саласын дамыту мақсатында өткен жылы өңірдегі Сайрам, Сарыағаш, Жетісай және Ордабасы аудандарында ауданаралық 4 аурухана жасақталды. Өңірдегі медициналық қызмет сапасын жақсарту мақсатында 8,5 млрд теңгеге 714 дана медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Оның ішінде 17-і УЗИ, 4-і ангиограф және компьютерлік томография аппараты бар. Биыл 4 ауданаралық ауруханаларға МRT аппаратын орнату жоспарланып отыр.
Жандос Жұмаек, Ерболат Әбіш